Аида Балаева: Білім, ғылым және инновациялар алғаш рет мемлекеттің жоғары құндылықтарының қатарына енгізілді

Жетісу облысында өңірдің ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен жаңа Конституция жобасы мен алдағы республикалық референдумға арналған кездесу өтті.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, коалиция төрағасының орынбасары Аида Балаева жаңа Конституцияда адамның қадір-қасиеті мен зияткерлік әлеуеті басты орынға қойылғанын атап өтті. Оның айтуынша, алғаш рет конституциялық деңгейде білім, ғылым және инновациялар мемлекеттің жоғары құндылықтары ретінде бекітілді.

Құжатты әзірлеу үдерісінің ашық: азаматтардың ұсыныстары цифрлық платформалар арқылы қабылданып, талқылаулар жария түрде жүргізілгені айтылды.

Кездесу барысында Аида Балаева жаңа Конституция жобасы ел дамуының жаңа парадигмасын қалыптастыратынын атап өтті.
«Жаңа Конституция жобасының негізгі мәні – әрбір азаматтың қадір-қасиетін қорғау және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Алғаш рет конституциялық деңгейде білім, ғылым және инновациялар мемлекеттің жоғары құндылықтары ретінде бекітілді», – деді ол.

Жиында ғылыми және мәдени қауымдастық өкілдері де пікір білдірді. «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Жетісу облыстық филиалының төрағасы Әміре Әрін Конституцияда бекітілген ел тұтастығы, адам құқықтары мен бостандықтары, әділеттілік пен заң қағидаттары мемлекет дамуының берік негізін қалыптастыратынын айтты. Ал Бикен Римова атындағы Қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Сағындық Жұмаділ: 
«Тәуелсіздік пен мемлекеттілік құндылығы да Конституцияда айқын көрініс тапқан. Жеріміздің тұтастығы, шекарамыздың беріктігі, халықтың бірлігі – мемлекеттің басты байлығы», – деді.

Кездесу соңында қатысушылар алдағы референдумда саналы таңдау жасаудың және әр азаматтың жеке жауапкершілігінің маңызын атап өтті. Конституциялық нормалар іс жүзінде жұмыс істеп, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуы тиіс екені айтылды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT