Атом өнеркәсібін дамыту қауымдастығының төрағасы Алдияр Тоқтаровтың пікірінше, АЭС-те апат туады деп алаңдауға негіз жоқ. «Егер құрылыс Балқаш маңында жүргізілсе, АЭС-тегі су тұйық контурда болады, белсенді аймақпен араласуға түспейді. Семей, Чернобыль, Три-Майл-Айленд, Фукусимада апаттар болды, бірақ ол кездегі реакторлар енді ешқашан салынбайды. АЭС құрылысы қымбат болып көрінуі мүмкін, алайда келешекті ойлайтын болсақ, бұл – ақылға сыйымды инвестиция. Көмір және газбен салыстырғанда АЭС-ке қажетті отын құны әлдеқайда төмен және тұрақты. Пайдалану уақыты 80 жылға дейін бара алады. Францияда АЭС энергияның 70 пайызын өндіреді және бүкіл ЕО бойынша сол елде ең төмен тариф тіркеліп отыр», дейді Алдияр Тоқтаров.
Айтуынша, АЭС салуға итермелейтін басты себеп – энергия тапшылығы. «Foratom зерттеуіне қарасақ, атом өнеркәсібі Еуропа экономикасына айтарлықтай әсер етті: 1,1 млн жұмыс орнын құруға ықпал етіп, ЕО ішкі жалпы өнімінде (ІЖӨ) 507 млрд еуро үлеске жетіп, 124 млрд еуро мемлекеттік кіріс түсірді. Сонымен бірге үй шаруашылығының кірісіне 383 млрд еуро қосылып, ЕО экономикасында 18,1 млрд еуро сауда профициті қалыптасты. Күн және жел энергетикасымен салыстырғанда бұл цифрлар әлдеқайда жоғары. Жел энергиясы Еуропада 250 мыңнан астам жұмыс орнын құрып, ІЖӨ-де 36,1 млрд еуроға жетті. Ал күн энергиясы 80 мыңнан астам жұмыс орнының ашылуына сеп болды. 2050 жылға таман атом өнеркәсібі 1,3 млн жұмыс орнын құрып, қосымша жиынтық мемлекеттік кірісті 110 млрд еуроға жеткізуі мүмкін. Бұл ретте мен жаңғырмалы энергия көздеріне қарсы емеспін, барлық энергия көзін қатар дамытқан дұрыс», дейді.
Сарапшы сөзінше, атом беретін энергия құны ұзақмерзімді келешекте төмен болып қалады.
«Жаңғырмалы энергия көздері ауа райы жағдайына тәуелді әрі резервтік қуат пен сақтау жүйесіне көп қаржыны қажет етеді. АЭС тәулік бойы, кез келген ауа райы жағдайында жұмыс істей алады. «Қазатомпромның» коммерциялық блогінің бұрынғы қызметкері ретінде айтарым, АЭС-ке жеткізілетін отынға қатысты келісімшарт ұзақмерзімді кезеңде нақты белгіленеді. Сонымен қатар АЭС-ті пайдалану және қызмет көрсету шығынын салыстырар болсақ, қызық жағдайға куә боламыз – көмір және газбен салыстырғанда ұзақмерзімді кезеңде ядролық энергетиканың шығыны аз», дейді.
Маман АЭС отынын пайдалану үдерісін де талдап, көп жұрт айтып жүргендей, оның қауіпті емес екенін түсіндіреді.
«Кейбіреулер жалған деректерге сүйеніп, жаңа отынды құю радиацияның кенеттен бөлінуіне себеп болады деп айтып жатады. Отын құрамындағы екі уран изотоптарының альфа-сәулеленуі, сондай-ақ олардың қысқамерзімді еншілес нуклидтерінің әлсіз бета және гамма-сәулеленуі қоршаған ортаға тигізетін әсерді жоя отырып, қаптамаға толығымен дерлік сіңеді. Мен байытылған ураннан алынған таблетканы ұстап көрдім. Егер жұтып қоймасаң, оның түк зияны жоқ. Пайдаланылған отын өз кезегінде екі бағытқа кетеді – не арнайы дайындалған орындарда сақталады, не салқындағаннан кейін қайта өңдеуге жіберіледі, кейін одан реакторға арнап тағы да отын өндіріледі. Елімізде БН-у350 реакторы жұмыс істеді. Одан өзіне жүктелгеннен де көп отын шыққан. Таза алхимия», дейді.