АЭС — электр энергиясын экологиялық таза әрі тиімді жолмен өндірудің маңызды бір түрі. Ядролық энергия парниктік газдарды шығармайды, бұл қазіргі таңда экологиялық проблемаларды шешудің бірден-бір жолы ретінде қарастырылады.
Сонымен қатар, көмір мен табиғи газға негізделген электр энергиясын өндіру тәсілдеріне қарағанда, ұзақ мерзімді перспективада экономикалық тұрғыдан да тиімді болуы мүмкін. Осыған байланысты Қазақстан үшін АЭС салу мәселесі маңызды әрі өзекті тақырыптардың біріне айналды. Бүгінде АЭС-ті салып жатқан елдердің саны артып келеді, ал бізде бұл үрдіс әлі де талқылау кезеңінде тұр. Қазақстанның электр энергиясына деген сұранысы артып келе жатқандықтан, қазір Ресей мен Қырғызстаннан импортталатын электр энергиясының құны біздің экономикамызға айтарлықтай ауыр салмақ салып отыр. Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігі мен энергетикалық қауіпсіздігі үшін АЭС салу – стратегиялық маңызды қадам болмақ. АЭС салу еліміздің сыртқы тәуелділігін азайтып қана қоймай, экономикалық әлеуетін де нығайтады. Ядролық энергетика саласы жоғары технологиялар мен ғылыми-зерттеу жұмыстарына итермелеп, елдің инновациялық дамуына да үлкен серпін береді. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, атом электр станциялары бар елдер технологиялық даму деңгейі мен энергетикалық тәуелсіздігі бойынша алдыңғы қатарда тұр. Бұл тұрғыда Қазақстан да әлемдік аренада өзінің орнын нығайтып, беделін арттыра алады.
Сонымен қатар, АЭС салу арқылы елімізде жаңа жұмыс орындары ашылады, бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатын көтеруге ықпал етеді. АЭС құрылысы кезінде инженерлер, техникалық мамандар және басқа да білікті кадрлар жұмыс таба алады, ал станция іске қосылғаннан кейін де тұрақты жұмыспен қамту жалғасады. Энергия көзінің қолжетімділігі мен бағасының төмендеуі халықтың тұрмыстық жағдайына оң әсерін тигізіп, өндірістік сектордың да дамуына серпін береді. Атом электр станциясының құрылысы тек энергетика саласын ғана емес, сонымен қатар ғылыми-техникалық саланы алға жетелейтіні сөзсіз.
АЭС-ке қажетті инфрақұрылым мен технологиялық шешімдер, ғылыми зерттеулер мен инновациялық жобалар ғылым мен техника саласының дамуына тың серпін береді. Осылайша, АЭС құрылысы басқа да ғылыми бағыттарды дамытуға мүмкіндік ашады.
Балбөпе ӨТЕНОВА,
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің профессоры, техника ғылымдарының кандидаты