Адыра қалған аспалы шамдар

Қала көркін кіргізіп, безендіру мақсатында орталық көпірден базар маңына дейін жүргізілген кермелі шамдар көп уақыт өтпей-ақ істен шығып отыр.

2018 жылдың желтоқсан айында Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Құлсары қаласының орталық көшесіне "Жұлдызды аспан" деп аталатын жарық шамдар орнатылған болатын. Соңғы жылдары қала тұрғындары жұртшылық асыға күтетін маңызды мерекелерді түрлі шамдалдар жарқыраған қала көшелерінде тойлауды дәстүрге айналдырған еді...

Сәулесін себезгілей жарқыраған сары түстес шамдар астында серуен құрып, суретке түсіп, ертегідегідей сезінуші еді өздерін. Жалын атқан отшашулармен өзара үйлесім тауып тұратын күн сәулесіндей шамдардың бүгінгі жұтаң кейпі көңіл қуантпайды. Қала көркін кіргізіп, безендіру мақсатында орталық көпірден базар маңына дейін жүргізілген кермелі шамдар көп уақыт өтпей-ақ істен шығып отыр. Мұндай көздің жауын алатын, түрлі-түсті шамдарды өзге үлкен қалалардан да жиі кездестіруге болады. Бірақ, дәл қазіргі Құлсарыдағыдай әр жері ала-құла, үзілген, сөнген жарықтарды еш жерден кездестірмейсіз. Аз уақыт болса да өткен - кеткеннің қызығушылығын оятып, қаланың сән-салтанатын жарастырып тұрған шам өшкен сәттен бастап, «жұлдызды аспанымыз» төбесін бұлт торлаған қараңғы көкке айналып шыға келді.

Орталық деп атын дардай қып атағанмен қазіргі таңда сол көшелердің бойында қаз-қатар тізілген бағаналарға ілінген көшенің жарық шамдарынан өзге көз тартарлық ештеңе де қалмағандай.

Мәселенің себеп-салдарын анықтау үшін ең бірінші құзырлы мекемелердің есігін қағатынымыз бесенеден белгілі. Жауапты мамандардың пікірлерін алуға тырыстық. «Кермелі жарық шамдарды өткен 2018 жылдың аяғында Қазақстан республикасы Ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің Еңбек шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық кәсіпорынының «Еңбек-Атырау» филиалы жүргізген болатын. Бұған жұмсалған қаражат жергілікті бюджет есебінен шықты. Қазіргі таңда қатты желдің әсерінен кейбір желілері үзіліп, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бір жағынан көшелерге орнатылған жарық көздерінің шамадан тыс көп болуына байланысты, электр желісінің барлығын бірдей іске қосуға шамасы келмей жатады. Алдағы уақытта сәндік үшін орнатылған кермелі, аспалы шамдардың барлығын да іске қосуға жұмыстанатын боламыз»,- деп жауап берді Құлсары қаласы әкімінің орынбасары Арай Нұрмаханова.

Көшеге ерекше келбет беріп тұрған аспалы шамдардың жарқылының сөнгеніне жастар да қапалы. Қолдары қалт етсе қала көшелерінде жаяулатып сауық құратын жас буынның қамығуының да жөні бар. Қала тұрғыны Гаухар Ілясова «Осыдан бір-екі жыл бұрын бұл шамдардың Жаңа жыл мерекесі жақындағанда орнатылғаны есімізде. Сол жылы жақсылыққа толы жаңа жылды естен кетпестей етіп қарсы алып, ескі жылды көңілді күйде шығарып салып едік. Алаңда жиналған адамның көптігі сонша, ине шаншар орын жоқ. Бірі әншілердің айтқан әнін тыңдаса, енді бірі сол күнге дейін таңсық болып келген әсем шамдардың жаңа келбетіне таңдана қарайды. Одан кейін де бұл маң біздің тұрақты келіп, бос уақытымызды өткізетін арнайы орнымызға айналды. Көлік ішінде кетіп бара жатсақ та ойнатылып жатқан әуенмен ерекше жарасым таба кететін. Сол сәтті ұтымды пайдаланып бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктейтінбіз. Өзге қалалардағы достарымыз да көріп, Құлсарыда көргенде тамсана қарайтын жаңаша дүниенің бар екендігіне таңданып, жақсы пікірін білдіріп жататын. Қуанышымыз су сепкендей басылды, уақыт өте жартысы ғана жанып тұрушы еді. Қазір толықтай істен шығып, еңсемізді басып тұрған жайы бар»,-деп өз өкінішін білдірді.

Құлсары қаласының нақ орталық даңғылында әр жерінен үзіліп, жұлынып қалған аспалы шам жөнделіп, көшеміз қайтадан көріктенеді деп сенеміз.

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521