«Адамзатты емдеу» – басты міндетіміз

Елімізде малшылар күні, орман мен ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі және балық шаруашылығы қызметкерлерінің күні тәрізді кәсіби мерекелер бар. Бірақ, неге екендігі белгісіз, осыған дейін мал дәрігерлері күні елеусіз қалып келді. Бұл мәселені біздің редакция журналистері осыған дейін де бірнеше мәрте көтеріп келген еді. Ақыры «ақ түйенің қарыны жарылды». Биылдан бастап Қазақстанда 10 шілде – ветеринария қызметкерлері күні болып белгіленді. Өйткені, дәл осы күні Қазақстан Республикасында алғаш рет «Ветеринария туралы» жаңа заң қабылданған екен. Біз осынау кәсіби мереке қарсаңында аудандық ветеринариялық стансасының басшысы Нұрболат ӨРБІСІНОВКЕ жолығып, қызығынан қиындығы басым саланың қыр-сырына қаныққан едік.

-Нұрболат Жексенұлы, ең алдымен, сіз басқарып отырған мекеме қашан, қалай құрылды, атқаратын міндеті қандай, сол турасында айтып өтсеңіз.

-Аудандық ветеринариялық станса 2012 жылы құрылып, коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын ретінде қызмет атқарады. Мақсаты мен міндетіне келсек, аудан көлемінде адам өмірі мен денсаулығына қауіп туғызатын жа - нуарлардан таралатын жұқпалы ауруларды болдырмау үшін алдын ала профилактикалық, диагностикалық іс-шараларды жүзеге асырады және ауру ошақтары пайда болған жағдайда онымен күрес шараларын қолға алады. Біздің мамандардың жұқпалы ауруларға қарсы тексеру, егу іс-шараларынан басқа мал төлдерін бірдейлендіру яғни сырғалау, таңбалау, оларға құжат беру (паспорт) және бірдейлендіру дерекқорына енгізу, сатылатын, тасымалданатын, сойылатын малдарға ветеринариялық анықтама беру, сатып алынған малдардың құжаттарын тексеру, оларды тіркеу, оның бергі жағында ауырып қалған малды қарау сияқты көптеген жұмыстарды атқарады. Өзіңіз білетіндей, олардың барлығын біздің мамандар әр үйді, әр шаруашылықты жағалап, аралап жүріп жасайды. Сондықтан о сындай маңызды, жауапты әрі ауыр жұмысты атқарып отырған ветеринариялық мамандармен бірге қарапайым халықтың да өз міндеттеме сі бар. Олар мал дәрігерінің қызметіне түсіністікпен қарап, мамандар барған кезде малын ұстап, көмекте сіп ектіріп, қан сынамаларын алдыруы тиіс.

Қазіргі таңда бұл бағытта жо спарлы жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Оған станцияның құрамында жұмыс жасайтын 38 адам жұмылдырылған. Күні бүгін қызметкерлердің 28-і – мал дәрігері маманы. Олар аудан аумағындағы түрлі шаруашылық құрылымдарында төрт түліктің саулығы үшін аянбай күре с жүргізіп жүр. Қазір аудандағы бес ауылдық округте, Жаңа Қаратон кентінде және Құлсары қаласында барлығы жеті ветеринариялық пункт жұмыс жасап тұр.

-Қазір аудандағы төрт түлік арасында қандай ауру түрлері кездеседі, оны жою, алдын алу мақсатында нендей жұмыстар жүргізіліп жатыр?

-Жалпы алғанда, аудандағы жағдай тұрақты деуге болады. Дегенмен, бірқатар ауру түрлері кездеседі. Айталық, жыл басынан бергі алты айдың ішінде 14 мың мүйізді ірі қара, 53 мың 100 бас МҰМ, 3800 түйеден қан сынамалары алынып, сарып (бруцеллез) ауруына қарсы тексеріс жұмыстары жүргізілген еді. Нәтижесінде 12 бас ірі қара мен екі түйе малынан сарып ауруының белгілері анықталып отыр.

Бұдан басқа аудан көлемінде аса жұқпалы аурулар саналатын құтыру, сібір жарасы, аусыл, ірі қараның нодулярлы дерматиті, түйенің обасы, қарасан секілді мал арасындағы қауіпті кеселдің алдын алу мақсатында ветеринар мамандарымыз жаппай вакцинация жүргізді.

Әрине, алдын алу жұмыстары тек вакцинациямен шектеліп қалмайды. Ол түсінік жұмыстарынан да тұрады. Жылдың басынан бері барлық округтерде жергілікті әкімшілікпен бірлесіп тұрғындармен, шаруа қожалық жетекшілерінің қатысуымен аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, ветеринариялық инспекция мамандарымен бірге семинарлар, кездесулер өткіздік. Бұл ретте округ әкімдерімен тығыз байланыста жұмыс жасап отырмыз. Әсіресе, қазір бой көтерген сарып ауруының алдын алуға күш салдық. Өйткені, ол малдан адамға жұғатын аса қауіпті кеселдің бірі. Біздің елімізде оны болдырмау үшін малды диагностикалық тексерту міндетті болып табылады. Себебі, қаны тексерілмеген төрт түлік ауру болса, бірге тұрған және бірге жайылатын сол ауылдың малына жұқтыруы мүмкін. Тек қан сынамасын зертханалық жолмен тексеру арқылы ғана бұл кеселді анықтауға болады. Сарып ауруы көршілес Қызылқоға ауданында, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында көбірек тіркеледі. Сондықтан ол жақтан мал сатып алғанда немесе қосқанда сақ болған жөн. Ол үшін үй жануарының құжаттарын қарап,қосымша қан сынамаларын алдыртып тексертіп, таза болса ғана қосуға болады. Тағы бір мәселе: бұл жерде мал бірдейлендірілгеннен кейін (сырғаланып,таңбаланып) құжат (паспорт) беріліп дерекқорға тіркеледі. Сол сияқты үйде ұстайтын ит-мысықты да тіркетіп, ектіріп, құжат алған абзал.

-Биылғы көктемгі су тасқыны ауылдағы ағайынның да шаруашылығын шығынға батырғаны анық. Табиғи апат кезінде ветеринария мамандары да көп жұмыс атқарды деп есіттік.

-Иә, тілсіз жау кім-кімге де оңай соққан жоқ. Мал дәрігерлері де ауылдағы ағайынмен бірге болып, табиғи апатты ауыздықтау үшін тасқынның ортасында жүрді. Әсіресе, Құлсарының ішіндегі су басқан учаскелер мен ықшамаудандардан тірі қалған төрт түлікті құтқарып, мал өлекселерін шығарып, зарарсыздандырып көмуде ветеринария мамандары шешуші рөл ойнады. Өз басым осы бағытта ауданда құрылған комис - сия құрамында болдым. Өйткені, бұл жұмыстарды жедел түрде атқармасақ, ауданда жұқпалы аурулардың шығып кету қаупі төнді. Себебі, жоғарғы жақтарда көптеген мал қорымдарын да су басқаны анық. Сондықтан қатерлі кеселдің алдын алу үшін біздің қызметкерлер төтенше жағдай қызметінің мамандарымен бірге уақытпен санаспай еселі еңбек етті. Осы орайда белсенділік танытып, аянбай тер төккен Б.Нұржанов, Л.Дүйсембаев, Р.Құсайынов, І.Бақтиярова, М.Булбаев сынды мамандар есімін құрметпен атауға болады.

-Осындай елге өлшеусіз еңбек сіңірген ветеринария мамандарының қазіргі жағдайы қалай?

-Бұрынғыдай емес, қазір маман тапшылығы мәселесі шешімін тауып келеді. Соңғы үш-төрт жылдың турасында станса жас мамандармен толықты. Осыдан бес жыл бұрын бізде 16 ветеринариялық дәрігер жұмыс жасаса, бүгінде олардың саны 28-ге жетті. Аудан әкімінің қолдауымен қос қабатты ғимаратқа көшіріліп, жайлы қызмет бөлмелерімен, қажетті материалдық-тахникалық базамен қамтылдық. Өткен жылы төрт жаңа автокөлік алынып, олардың барлығы ауылдық округтегі мал дәрігерлеріне берілді. Соңғы жылдары бұл сала қызметкерлерінің еңбекақысы да өсті.

Ғалым, академик К.И.Скрябин «Медицина – адамды, ал ве теринария бүкіл адамзатты емдейді» деген екен. Осыдан-ақ бұл мамандықтың қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады. Ендеше, осы жолда алға қарай біз де аянып қалмаспыз. Бұл ретте біздің кәсібімізді де жоғары бағалап, төл мерекеміздің атаулы күнін бекіткен Үкімет басындағы азаматтарға алғыс айтамыз. Ал әріптестерімді келе жатқан ветеринария қызметкерлері күнімен құттықтап, деніне саулық, еңбегіне жеміс, толағай табыс тілеймін.

-Әңгімеңізге рақмет! Айтулы мамандықтың мәртебесі арта берсін!

Сұхбаттасқан: Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521