Адамзатты емдейтін абзал жандар

 

Адамзат өркениетінің тынысы мен тіршілігі табиғатқа, соның ішінде жан-жануарлар мен төрт түлікке тікелей байланысты. Міне, осы тіршілік атаулының саулығын күзететін, бірақ қызметі көзге көп көріне де бермейтін, жауапкершілігі зор мамандық иелері – ветеринарлар. Олар жануарлардың ғана емес, адамзаттың да амандығы үшін қызмет етіп, көрінбейтін еңбек майданында күрес жүргізіп жүрген шынайы кәсіптің тұтқасын ұстаған шеберлер.

Өткен жылдан бастап, міне, осы кәсіп иелері елімізде тұңғыш рет кәсіби төл мерекелерін атап өте бастады. Яғни, 2024 жылы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен 10 шілде – Ветеринариялық қызметкерлер күні ретінде ресми түрде бекітілді. Ел көлемінде алғаш рет тойланған төл мерекелерін ауданның мал дәрігерлері былтырғы көктемгі алапат су тасқынына байланысты атап өте алмады. Есесіне тілсіз жаудың зардаптарын жою мақсатында уақытпен санаспай еңбек етіп, елдің разылығын алды. Биыл, міне, сол маңдай тердің өтеуін көретін кез келді. Ветеринария күні аудандық деңгейде кең көлемде сән-салтанатымен ерекше жағдайда аталып өтті.

Иә, Жем ауылдық округінің «Тұрғызба» мәдениет үйінде «Тіршілікті түлеткен жан – ветеринар!» атты салтанатты шара аудандағы барша адамзатты емдеп жүрген абзал жандар – мал дәрігерлеріне арналды. Оған «Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрайымы Жұмазия Есімова, аудан әкімі аппаратының басшысы Алмат Теміржанов, аудандық ветеринариялық стансасының басшысы Нұрболат Өрбісінов, дербес бөлім басшылары, ветеринария саласының ардагерлері мен қала, кент, ауылдардағы мамандар, округ тұрғындары қатысты.

Шара шымылдығын ашу үшін алғашқы құттықтау сөз кезегі аудан әкімі аппаратының басшысы Алмат Маратұлына беріліп, өңірдің ветеринария саласына еңбегі сіңген ардагерлер мен сала мамандарына жүрекжарды жылы лебізін білдірді:

– Құрметті салтанатты жиынға қатысушылар, ветеринария саласының ардагерлері мен мамандары! Сіздерді аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың атынан төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Қазіргі таңда ветеринария мамандығын игерген азаматтарымыз ауылдағы көп індеттің алдын алуға бағытталған шараларда және өзге де жұмыстарға зор үлес қосып келеді. Сондықтан да бүгінгі кәсіби мерекелеріңіздің қарсаңында еңбектеріңізге алғысымызды білдіріп, алға қарай да толағай табыстарға жете берулеріңізге тілектеспін, – деді ол.

Құттықтау сөзден соң аудан әкімі аппаратының басшысы ветеринария саласында ұзақ жылғы абыройлы атқарған еңбегі мен саланың өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі үшін бірқатар сала ардагерлеріне аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Атап айтсақ, Қалиталы Бисенәліұлы, Меңдібай Хайруллин, Шалабай Мәлдешұлы, Түңіл Орынова, Светлана Қайрекешқызы, Сұлу Дүйсенғалиқызы, Қанжан Досқалиқызы, Бағила Өтегенқызы, Гүлбаршын Қабдолқызы, Гүлшара Құжасқызын салтанатты түрде марапаттады.

Ауданға танымал өнерпаздар да мереке иелеріне «әсем ән мен тәтті күй» сыйлап, шара сахнасының сән-салтанатын асыра түсті. Асқар Қоңыров, Оралхан Қарашаев, Нұрлыбек Құсман, Рита Самендирова, Назгүл Өтепбергенова сынды әншілер әсем әуезді әндерін шырқап, «Жем аруы» халықтық би ансамблінің мың бұралған бишілері көркем қойылымдарымен көрерменнің көңіл көкжиегін бір кеңейтіп тастады.

Салтанатты шарада аға буынның ізін жалғастырып, осы салада аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар мамандар да аудан әкімінің Алғыс хатымен мадақталды. Олардың қатарында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аудандық аумақтық инспекциясы басшысының уақытша міндетін атқарушысы Қымбат Самиғұллақызы, аумақтық инспекцияның бас маманы Бейбіт Өтесқызы, аудандық ветеринариялық зертханасының лаборанты Күнсұлу Сергейқызы, Жем ауылдық округінің ветеринариялық дәрігері Ғайни Жұмабекұлы, Құлсары қаласындағы ветеринариялық пункт меңгерушісі Лес Тарашұлы, Жаңа Қаратон кентінің ветеринариялық дәрігері Алмат Жұбанышұлы және Қосшағыл ауылдық округінің ветеринариялық дәрігері Сейт Саламатұлы да бар.

Сахна төрінде сала ардагері Қалиталы Бисенәліұлы да құттықтау сөз алып, өзінің естен кетпес естеліктерімен бөлісті:

– Ветеринария саласының маңыздылығын барлығымыз жақсы білеміз. Адамдардың денсаулығын сақтау, мал басын өсіру, өнім сапасын арттыруда орасан еңбек еттік. Аудандық ветеринарияда қызмет еткен ұжымдастарымды ерекше ықыласпен еске аламын. Бұл салада өткен әр сәт мағыналы естелікке толы,-деді ол.

Салтанатты жиында аудандық мәслихат атынан да бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар табысталды. Сахнаға шыққан аудандық мәслихат депутаты Сымбат Едігеқызы:

– Ветеринария саласының ардагерлері мен қызметкерлерін төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Ауылдың амандығы мен елдің тыныштығы – сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасы,-дей келе, Ақкиізтоғай ауылдық округінің ветеринариялық пункт меңгерушісі Маханбет Бекболатұлы, Ақкиізтоғай ауылдық округінің ветеринариялық дәрігері Ернар Мирамұлы, Майкөмген ауылдық округінің ветеринариялық пункт меңгерушісі Заманбек Қосымбайұлына аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаевтың атынан Алғыс хат табыстады. Құттықтау сөз кезегі «Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрайымы Жұмазия Есімоваға берілді:

– Құрметті әріптестер! Ветеринария саласындағы мамандар мен ардагерлерді төл мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Әрине, былтырғы су тасқынына байланысты бұл шара өтпей қалғаны белгілі. Міне, биыл облыс көлемінде ұйымдастырылып отыр. Өзім де осы салада қызмет еттім. Кеңес дәуірінде бір отар қойда 758 бас болатын. Қан сынамасын алу, вакцинация жасау – бәрі ветеринардың мойынында еді. Бұл сала – көзге көрінбейтін, бірақ ауыр да жауапты еңбек,- деген ол бірқатар сала ардагерлерін «Ветеринарияның құрметті қызметкері» төсбелгісімен және білікті мамандарды Алғыс хатпен марапаттады.

Нақтырақ айтқанда, ветеринария саласына сүбелі үлес қосқан ардагерлер Сәлік Шауқымұлы және Сайын Сарманұлы, Жаңа Қаратон ветеринариялық пункт меңгерушісі Нұржан Өрбісінов, Жем ауылдық округінің ветеринариялық пункт меңгерушісі Беркін Сүлейменов, Жем ауылдық округінің ветеринариялық дәрігері Ғайни Оразбаев, Қосшағыл ауылдық округінің ветеринариялық дәрігері Сембай Боқайұлылар «Ветеринарияның құрметті қызметкері» атанып, зор құрметке ие болды.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы атынан бірқатар сала қызметкерлері де Алғыс хатпен марапатталды. Атап айтқанда, аудандық ветеринариялық стансаның бас есепшісі Жансая Махметқызы, стансаның бас маманы Толқын Жұмабекқызы, Құлсары қаласының ветеринариялық дәрігері Айдос Қанатұлы, сондай-ақ Ақкиізтоғай ауылдық округінің ветеринариялық дәрігері Әмина Бисембайқызы аталған марапатқа ие болды.

Иә, расында да «Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деген К.Скрябиннің сөзі бекерден-бекер айтылмаса керек. Мал дәрігер мамандарының көзге көрінбейтін қызығынан қиындығы басым еңбегіне бұдан артық баға беретін анықтама жоқ. «Тіршілікті түлеткен жан – ветеринар!» атты мерекелік шара сол сара сала мамандарына деген құрметтің жарқын көрінісі болды.

А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT