Жаңа Конституция жобасын оқи отырып, ең алдымен оның адамға бағдарланған сипаты айқын сезіледі. Бұл – мемлекеттің даму философиясындағы маңызды бетбұрыс. Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтарының басты құндылық ретінде жариялануы – символдық қадам ғана емес, қоғам үшін нақты бағдар. Егемендік, тәуелсіздік, аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітіліп, бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім мемлекеттіліктің негізі ретінде айқындалған. Әсіресе білім мен ғылым, мәдениет пен инновацияның Конституцияның басты идеясы ретінде көрсетілуі ерекше қуантады. Бұл – еліміздің болашағы табиғи ресурстармен емес, адами капиталмен өлшенетінін білдіреді. Жас ұрпақ үшін бұл – үлкен мотивация. Дін мен мемлекеттің ара-жігінің нақты ажыратылуы, білім беру жүйесінің зайырлы сипатының айқындалуы – тұрақтылық пен өркениетті дамудың кепілі. Ал неке институтының ер мен әйелдің тең құқықты одағы ретінде бекітілуі дәстүрлі құндылықтарды құқықтық тұрғыдан қорғауға бағытталған.
Цифрлық құқықтарды қорғау нормасының енгізілуі – қарапайым азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды шешім. Бүгінде біздің өміріміздің едәуір бөлігі онлайн кеңістікте өтеді. Сондықтан Конституцияда осы құқықтардың қорғалуы – уақыт талабына сай жаңашылдық. Ең бастысы – жаңа Конституция халықтың қатысуымен әзірленді және соңғы сөзді де халық айтады. Жалпыұлттық референдум – әр азаматтың ел болашағына тікелей ықпал ету мүмкіндігі. Бұл жоба – мемлекеттің адамға жақындай түсуінің, қоғамның жетілуінің және болашаққа сенімді қадам жасауының айқын дәлелі.
Ізбасар Хонашев, Жылыой ауданы тұрғыны



