Білім саласының маманы ретінде Мемлекет басшысының халыққа Жолдауларынан хабардармыз. Бірақ осы жолы көкейімізден шық-қан тұжырымын құзырлы орындар жүзеге асырып, келелі шешімдер қабылдаса екен дейміз. Енді солардың кейбіреулеріне тоқтала кетсек.
Президент: «Мемлекет қар¬жысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден-бір жолы – көрпеге қарай көсілу. Сондықтан бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керек», деді.
Толықтай келісеміз. Мәселен, Алматы қаласында бүп-бүтін тұрған асфальт жолдарды, жиектастарды (бордюрлер), бетон арықтарды қиратып, қайтадан салып жатады. Жылда көретініміз – осы көрініс. Есесіне дәл қазір Алматының іргесінде, қала шекарасынан бір шақырым жердегі Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылында жылдар бойы жолдар асфальтталмай келеді. Ауыл тұрғындары осының себебі неде екенін түсіне алмай дал.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Ірі кәсіп иелері осы елдің азаматы ретінде ел игілігіне жарайтын мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті. Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады. Ал одан бас тартқан немесе сөзбұйдаға салған кәсіпкерлерге қатысты әңгіме басқаша болады» деген сөзі де көкейге қонды.
Президент агроөнеркәсіп кешенін дамытуға байланысты тың ойларын айтты. Мәселен, ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген субсидияны шын мәнінде, дала төсінде еңбектеніп жатқандар емес, шенеуніктермен жең ұшынан жалғасқан пысықай делдалдардың алып кететіні туралы естіп қаламыз. Осы тұрғыда біздің кафедраның ғалымдары да ауыл шаруашылығын дамытуға қажетті, маңызды ғылыми жобалармен айналысып жатқанын айтқымыз келеді. Атап айтқанда, түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарының, өзге де өсімдіктердің (мысалы, сексеуіл) ұрықтарын полимер үлдірмен орау арқылы алғашқы егілген кезде олардың түрлі зиянкестерге, табиғи сынақтарға төтеп беруіне қол жеткізуге болады. Әйтпесе, бүгінгі таңда дүкендерде сатылатын көкөніс ұрықтарының барлығы дерлік өзге елдерден келген.
Президенттің «Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды» деген сөзі де көңілден шықты. Өйткені астық өндірушілердің күзде өз өнімдерін сата алмайтыны жөнінде жиі естиміз. Ал дәл сол кезде жерде бір күн де жұмыс істемеген, жең ұшынан жалғасып, мемлекеттен шетелге астық сатуға лицензия алған пысықтар астықты диқандардан барынша арзан бағаға сатып алып, сырт мемлекеттерге үстеме бағамен сатады екен. Осыдан кейін маңдай тері ақталмайтын қарапайым еңбек адамының жұмыс істеуге қайдан зауқы болады? Мемлекет басшысы мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамыту маңызды міндет екеніне тоқталды. Осы тұрғыда, біздің кафедрада биоыдырайтын полимер үлдірлер алу үшін ғылыми ізденістер, жұмыстар жасалып жатқанын айта кеткен жөн.
Иә, Мемлекет басшысының экономика, экологиялық ахуал, денсаулық сақтау, білім беру саласы, елде заң мен тәртіптің сақталуына қатысты мәселелерге орай айтқан ойларының барлығы да құптарлық. Ендеше, біз де өз саламызда нәтижелі еңбек етіп, ел дамуына үлесімізді қосқанымыз абзал.
Перизат ҮРКІМБАЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті