АДАЙ КӨТЕРІЛІСІ

ЖЫЛОЙ МЕН ҚЫЗЫЛҚОҒАДАН БАСТАЛҒАН ҚАСІРЕТ

Осы уақытқа дейін жарық көрген әдебиеттерде «Адай көтерілісі» деп аталып жүрген Кеңестер Одағы дәуіріндегі Батыс өлке халқының азаттық күресі 1931 жылдың наурыз айында басталған. Ол қазіргі Атырау облысының Топырақшашқан, Сағыз, Жем өңірлерінде бой көтеріп, кеңес өкіметі тарапынан асқан қатыгездікпен басып, жанышталды.

АЛҒАШҚЫ ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫС

Адай көтерілісі туралы алғаш рет зерттеуші милиция полковнигі Ізтұрған Сариев болды. 1995 жылы «Атамұра» баспасынан Ізтұрған Сариевтың Мұқаш Омаровпен бірігіп жазған «Ойрандалған Адай даласы» атты зерттеу еңбегі жарыққа шықты. Бұл кітап оқырманға «ашық күнде найзағай ойнап, жұрттың төбесіне жай түскендей» әсер қалдырды. Өйткені, бұл зерттеуде авторлар 30-жылдары кеңес өкіметінің Қазақстанның еш жерінде болып көрмеген Батыс өңіріндегі жергілікті халыққа жасаған қатыгездігі мен зұлымдығын ҚР Орталық мұрағаты материалдарына сүйеніп, бұлтартпас дәлелдермен ашық жазды. Олар 90-жылдары зерттеуді қолға алған кезде мұрағаттық материалдардан басқа көтеріліске қатысып, жазаланған жандардың ұрпақтары мен көтеріліс туралы білетін адамдардың көзі тірі еді. Ал қазіргі зерттеушілердің міндеті сол көтеріліске қатысқан халықтың бұрынғы зерттеулерге енбеген деректерінің басым көпшілігін мүмкіндігінше анықтау болды. Осы еңбекті жан-жақты талдай отырып, алматылық жазушы Жұмабай Құлиев «Абай. KZ» ақпараттық порталында 2010 жылдың 16 қыркүйегінде «Адай көтерілісі немесе жиырмасыншы ғасырдағы қызыл жендеттік туралы не білеміз?» атты мақала жариялаған болатын. Онда мынадай мәліметтер берілген:

«Көтеріліс 1931 жылғы наурыз айының жиырмасында Қызылқоғадағы Топырақшаштыда тәркілеуге ұшыраған бұрынғы бай Баянқұл Көптілеуұлының үйінде болған мәжілістен бастау алған. Осы басқосуда елдің мал-мүлкін тонау күннен-күнге күшейіп, елдің тұрмыс жағдайына аса ауыр болғаны, бұдан құтылудың ең басты жолы қарсы тұру екені сөз болады. Сондықтан әзірге мал басының бар кезінде Маңғыстау өңіріне қарай көшу, одан әрі Түрікменстанға қоныс аударудың қолайлы екені, ол жақта өкіметтің заңы, халыққа көзқарасы бұл жердегідей емес екендігі айтылады. Үкімет тарапынан көшуге қарсылық болатыны да ескеріліп, бұған қарсы тұру шарасы да қарастырылады. «Маңғыстау жерінде көтерілістің басталу себебі республика өкіметінің, жергілікті партия, кеңес басшыларының, шолақ белсенділердің асыра сілтеуі, бұлардың қызмет бабын пайдаланып, өздерінің жағдайын көздеуі, елді көпе-көрінеу алдауынан болды», - деп өкімет мүшелері Меңдешев, Асылбековтердің мойындағаны жөнінде мәліметтер архив құжаттарында сақталған. Мұны бірақ олар Маңғыстауда, Үстірт үстінде халық қансырап жатқанда ғана есіне алған. Халық қанға боялып, бала-шаға да, шал-кемпір де жазықсыз жазаланып, жапа шеккен уақытта өкімет басшылары болсын, ауыл әкімдері болсын, жазалаушы аппараттар болсын, үсті-үстіне жоғарыдан көмек сұрап, тездетіп қозғалысты басу үшін әрекет жасағаны бесенеден белгілі. Көтерілісшілер Азамат соғысында 19 шет мемлекеттің шабуылынан құтылып, жеңілмей шыққан кеңес өкіметін жеңеміз деп бәс тіккен жоқ. Бұлардікі өлер алдындағы «тұяқ серпер» іспетті, шерменде болып, «ноқталы басқа - бір өлім» деп шыбын жанын шүберекке түю еді. 1931 жылы Қызылқоға мен Жем өңірінде наурыз айында өріс алған көтерілісті Рахмет Аминұлы мен Боқмаш Шоланұлы басқарған.

Біріккен саяси басқарма Попов дегеннің басқарған жазалау отряды Рахмет Әминұлы ауылының Шоланұлының тобына қосылуына кедергі жасап бақты. Сол үшін шара қолданып, бесатар мылтықпен, пулеметпен қаруланған 200-250-дей жасағы әскер автокөлікпенен барып, Әминұлының тобымен кездеседі. Бұл бірінші қарулы қақтығыс Иманқара дөңесінің түстік-батыс бетінде, Ханқожа көлінің маңында 1931 жылдың 15 сәуірінде болады. Көтерілісшілердің бар қаруы қылыш, найза, құсатар мылтық болған соң, ұрысты ұзаққа созуға шамалары келмейді. Әминұлының жасағы екі рет қысқалау шабуылда 9 кісісінен өлілей, екеуінен жаралылай айырылады. Ендігі қарсылықта бұдан да көп шығынға ұшырайтынын сезініп, бала-шағасын, малын қорғай отырып қаша жөнеледі. Көш өте ауыр болды. Елдің ірілі-уақты малы бар, кемпір-шал, бала-шағасымен алысқа ұзай алмайтын еді. Осы көш жазалаушылардан құтылып кету мақсатымен енді ғана жылжып, Жемнен өтіп кетеміз деп отырғанда 21 сәуірде Мемлекеттік саяси басқарманың Саратов қаласынан шыққан Боронежский басқарған отряды 8 автокөлікпен қуып жетеді. Жеке қаруынан басқа, 6 қол, бір станокты пулеметпен қаруланған 90 кісілік жасақ көтерілісшілерді үш жағынан қамап, оқ жаудырып, көп шығынға ұшыратты. Көтерілісшілер үш еседей көп болса да, 20 кісісінен айырылып, қол көтеруге мәжбүр болады. Тұтқынға түскен олардан бар болғаны 3 бесатар, 3 аңшы мылтығы, 27 қылыш және 11 тапаншаның оғы алынған. Сол кездегі өлшеммен айтқанда, бақайшағына дейін қаруланған жазалаушыларға қарсы тұру тек қана ашу-ыза мен көзсіз ерліктің белгісі болатын.

ЖАПАН ТҮЗДЕ ЖАЗЫҚСЫЗ ҚЫРЫЛҒАН ХАЛЫҚ

1931 жылдың көктемінде Жем бойындағы көтерілісшілер күшті қаруланған жазалау отрядына қарсы тұра алмай, біразы қашып құтылып Үстірт үстіне қарай кетеді. Бірақ екі үлкен тобы, оларға қоса сол маңда көшіп жүрген Адай ауылдары, біріншісі Иманқараның оңтүстік бетінде, екіншісі Қарақұмның терістік жағында, Аққұдық, Қарашүңгіл әулие маңында қоршауға алынып, қолға түскен.

Қарақұм - Жем өзенінің солтүстігінде Құлсарыдан 50-60 шақырымдай құнарлы, шөбі шүйгін, құмды өңір. Бұл жерді Адайлар қыстаққа пайдаланған. Қарақұмдағы көтерілісшілер және оған қатыспаған жай көшпенділер де мал-басымен, бала-шағасымен көшіп-қонып жүрген жерінде жазалаушы отрядтың қармағына ілінді және аяусыз жазаланды. Бұлар жергілікті елдің тілімен айтқанда, «қосақ арасында бос кеткендер» еді. Жазалаушылар ешқандай аяушылық көрсетпеді, бейбіт елдің адамдарын қорлады, зорлады, мал-мүлкін талады. Қарақұмда қолға түскен көтерілісшілердің ер-азаматтарын бір бөлек, тонаудан қалған азғантай малы мен бала-шағасын бір бөлек Гурьев қаласына қарай айдады. Сол кездегі комсомол мүшесі, белсенді ретінде осы жұмысқа тартылған алматылық Шашан Оразбайұлы өзінің естелігінде: «Біздер, партия, ком- сомол, кеңес белсенділері, Қарақұмнан ұсталған көтерілісшілер ауылын Гурьевке қарай айдадық. Жалпы адам саны, балаларды қоса есептегенде, үш мыңнан асатын болуы керек. Көбі жаяу, Сарықамыс маңы мен Жем өзенінің сағасы арқылы теңіздің жағасымен Гурьевке қарай жүрдік. Бұл жерден Жемге жету үшін бір тәуліктен артығырақ уақыт кетті ғой деймін. Жемге келгенде малмен бірге адамдардың да өзенге бас қойғанын көргенде, жаның түршігеді. Содан кейін Гурьевке қарай жол тарттық. Алдымызда әлі 200 шақырымдай жер жүруіміз керек. Жолда су жоқ, көп адамдар, балалар мен қарттар шөлден жүре алмай, өлгені өліп, өлмегені жолда қалды. Ең ауыры, әйелдер мен балалардың күңіренгенінен, жылағанынан сай-сүйегің сырқырайды. Бүкіл ел, дала зарлағандай болды. Гурьевке ер адамдардан басқа ешкім жеткен жоқ» дейді.

Кеудесінде жүрегі бар, ниеттері дұрыс қазіргі Жылыой азаматтарына жүктелетін ендігі жердегі ең маңызды мәселе: осы қанды жорықта Гурьевке жете алмай жолда аурудан, зорығудан, аштық пен шөлден қаза болғандардың барлығының саны мен аты-жөндерін анықтау болмақ. Себебі, бұл боздақтардың есімдері Атырау қаласында болашақта орнатылатын мемориал-ескерткішке алтын әріптермен жазылуы тиіс. Бұл сауапты шаруаға архив қызметкерлері, журналистер мен ауданның тарих пәнінің мұғалімдері, жоғары сынып оқушылары араласып, айтылған адамдардың барлығының тізімін жасақтаса, олардың аруақтары риза болар еді!

1931 жылы көктемде Жем бойында көтерілісшілер үш рет жазалаушылардан қатты соққы жеді. Естеліктер көрсеткендей, Жемнің сол жақ бетінде, Қарақұмда, осы жылы көтерілістің тағы бір үлкен тобы жеңіліс тапқан. Көп адамдар ұсталып, олардың мал-мүліктері қолға түскен.

Маусым, шілде айларында көтерілісшілердің қарсылығы енді Маңғыстау өңірінде өршиді. Ең үлкен тобы Үстірттің орталық бөлігінің түстігінде, Сам құмдарынан Қарабауыр бөктеріне қарай шамамен 400 шақырымдай өте шалғай жатқан Қарамая тауы мен көлінің айналасына дейін созылған жерлерге орналасады. Бұл Қарақалпақстан, Түрікменстан жерлерінен көп алыс емес-ті. Олардың ауылдарын Мырзағали Тынымбайұлы, Айшуақ Жаңайұлы, Дауылтай және солардың сенімді көмекшілері Мамай Салғараұлы, Өтебай Батынұлы (Қожаұлы), Бәйімбет Жангелдіұлы, Назыр Бекенұлы, Қарабатыр Қаралдаұлы, Ерғали Күтегенұлы, Қоңғабай және Досандар басқарды. Бұлардың жасақтары бірнеше жүзден құралған, барлығы – 2000 адамнан асты деген деректер бар.

Маңғыстау өңіріндегі көтерілісшілер қозғалысының жалпы басшылығына ел алдында беделді, халық қолдайтын, сыйлайтын Мырзағали Тынымбайұлы сайланады.

ҚАРТТАР МЕН ҚАТЫН-БАЛАНЫ ДА АЯМАДЫ

1931 жылдың жазында өкіметтің 32 бөлімнен құралған жазалаушы отрядтары болды. Мұның жартысына жуығы, яғни 14-і - мемлекеттік біріккен саяси басқарманың әскерінен де, басқасы әртүрлі коммунистік ерікті бөлімшелерден партия, комсомол белсенділерінен құралып, жиналған еді. Олар ерікті, белсенділер аталса да, әскери тәжірибесі бар командирлер басқарған, қару-жарақпен толық қамтамасыз етілген жауынгерлер еді. Жазалаушы отрядтарының жалпы саны - 200-ден аса еріктілерді санамағанда, 1000 кісіден асты. 12 станокты, 8 қол пулеметі, бір қысқа мойынды зеңбірек, бір күзетші кеме, 13 жүк және 2 жеңіл автокөлігі, көптеген жылқы көлігі болды.

Мамыр айында Форт-Александровскіден 8 жүк, 2 жеңіл автокөлігімен қарауында бір полк 110 жаяу және 39 атты әскері бар Сырма басқарған 68-ші дивизион шықты. Қосымша 2 қол, 3 станокты пулеметпен қаруланған бұл жасақ Маңғыстау бөктерінің және Бостанқұм құмының оң беті мен Бесоқты, Сенек құдықтары арқылы жоғары көтеріліп, Босағаға, Қайғылы-Бабадан шығыс-түстікке қарай, Қарқын, Тағылбай, батыстағы Күшетас құдықтарына келді. Архив құжаттарының дерегіне сүйеніп, ол қақтығыстардың қалай басталып, қалай аяқталғанына зер салсақ, төмеңдегідей сипат алады.

8-10 маусымда Сенек құдығының маңындағы Қоңғабай сарбаздарының бір тобына жазалаушылар отряды шабуыл жасайды. Осы қақтығыста үш кісісі өліп, екі көтерілісші 50 оғы бар екі бесатар мылтығымен қолға түседі.

19 маусымда Қарқын құдығының басында екі қол пулеметі бар Сырма жазалаушы отрядының бір взводы Қоңғабай жасағының 60 кісілік тобына қарсы ұрыс салып, қанға бөктіреді. Бұл шайқаста 7 кісі өліп, 7 адам қолға түседі, 60 оғымен бір бесатар мылтық алынады. Бұл жолы көтерілісшілердің қарауындағы бірге көшіп жүрген бейбіт ауылдар да ауыр жазаға ұшырайды. Өздері ала жаздай тыным таппай, қуғыншылардан ығысып, шаруа жағдайы қатты төмеңдеген ауылдар 1200 қойынан, 150 түйесінен, 23 жылқысынан, 42 киіз үйінен айырылады. Осы қайғы жұттырған қанды қырғыннан кейін, өлгені мен жаралысын өздерімен бірге алып, көтерілісшілер Қарқынның шығысындағы Қыңыр төңірегіне қарай шегінеді.

1931 жылдың жазында бұл жердегі көтерілісшілердің көбі талқандалғаннан кейін, қалғаны Үстірттің шығысына, Самнан әрі қарай ойысып, ол жерлерден де тыныштық таба алмай жанталасқан. Жазалаушы жасақтар олардың соңынан қалмай, кездескен ауылдардың барлығын шауып, жазалаған. Маңғыстаудың шығыс-терістік бетінің ең шет жағында көшіп-қонып жүрген жұрттың қорғаушылары, яғни көтерілісшілер Қарақалпақстанға өтіп кетеді деп қауіптеніп, жазалаушылар Қаратүлей, Қызыластау деген жерде отырған Мамай Сапықұлы, Смайыл Сарбасұлы секілді өзге де ел арқа сүйеген ерлер басқарған ауылдарды қанға бөктірген. Көп азаматтар, бейбіт ауыл адамдары, соның ішінде, Смайыл, Мамай ерлікпен қаза тапты. Көптеген ер-азаматтар мен олардың бала-шағасы түгелдей қолға түсіп, сол жерден шілденің аптапты ыстығында 1000 шақырым жердегі Гурьевке қарай жаяу айдалған. Жазықсыз халық жосылған бұл жорықта жұрттың көбі жолда өлген. Бұл ауыр азаптан кімнің тірі қалғаны белгісіз, елге қаншасы оралғанын ешкім білмейді. Мұндай деректер архив құжаттарында да жоқ. Көнекөз қарттардың айтуынша, 1931 жылдың жазында жазалаушылар бүкіл Үстірт үстінде, Жем бойында, Маңғыстау ойында ойран салған. Жаздың аяғында оларға қарсы тұрушылар тіптен болмаған. Осы кезде жергілікті әкімдердің де құдайы берген, бұлар ел ішінде айтқанын жасатып, ойлағанын орындатқан. Жуасыған халық не істерін білмей, мүшкіл халге душар болады.

Қозғалысты басқаннан кейін көтерілісшілердің қолға түскені шұғыл түрде Форт-Александровскіге, ал терістік Үстіртте тұтқынға алынғандар Гурьев, Ақтөбеге қарай айдалған. Міне, осы жылдан бастап Маңғыстау жерінде көшпенді халық көшіп-қонуды доғарған. Қарттардың айтуынша, «тұсап жіберген атыңды малдың көптігінен ертеңіне таба алмай қалатын» мыңғырған малы бар Маңғыстау жері елсіз, малсыз, қаңырап бос қалды.

ПАТША ӨКІМЕТІНЕН ДЕ АСЫП ТҮСТІ

Жалпы көтеріліс кезінде сәуірден тамызға дейін 15 ұрыс, 8 қақтығыс болған екен. Онда көтерілісшілердің 168 адамы құрбан болып, 32-сі жараланған, 74-і қолға түсіп, көтеріліске қатысушы 1715 адам қамауға алынған. Бұлардың тағдыры белгісіз.

Мемлекеттік комиссияның міндеті, мүмкіндігінше осы адамдарды ақтау болып табылады. Олардан 5 тергеу ісі бойынша (№№ 17, 38, 100, 3329, 5671) 802 адам РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-2 (контрреволюциялық көтеріліс) және 59 - (бандитизм) баптарымен жауапқа тартылған. Тергеу жүргізу барысында ішінен 79 адам Гурьев, Ақтөбе абақтыларында қайтыс болды. 215-і «қылмыстық әрекет жасамаған» деп танылып, босатылған көрінеді. Гурьев мемлекеттік біріккен саяси басқармасының оперсекторы 508 айыпкердің ісін қылмыстарын белгілеу үшін Қазақстан өкілеттігіне жіберген. Бұлардың үштігі - 1931 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен Доссор, Жылой, Ойыл және Маңғыстау аудандарынан 135 көтерілісшіге, сонымен қатар, 1932 жылғы 5-ші сәуірдегі қаулысымен 373 маңғыстаулыққа әртүрлі үкім кескен. Халық қозғалысының 15 басшысы мен белсенді қатысушысы Боқымаш Шоланұлы, Қарамырза Ембердіұлы, Рахман Соқымашұлы, Демеген Айтжанұлы, Қоғабай Алдасүгірұлы, Өтебай Жанасұлы, Қойшығұл Жантілеуұлы, Демепберген Ембердіұлы, Көбеген Құрманұлы, Қойсары Қайдағұлұлы, Әмір Нысанұлы, Қазақ Шиенұлы, Көбейсін Қуантырұлы, Жұмабай Үсенұлы, Лұқпан Сарқұлұлы ату жазасына кесіледі.

P.S. Қызыл империя басшыларының, оның үгітшілерінің патша өкіметінің отаршылдық саясатын, оның халыққа жасаған озбырлығын адам айтқысыз етіп жамандауға келгенде алдына жан салмағаны белгілі. Ал іс жүзінде бұлардың елге салған бүлігін айтып жеткізу қиын. Осыған бір ғана мысал келтіре кетсек те жеткілікті. 1870-1874 жылдары 4-5 жылға созылған Досан батыр бастаған Адай көтерілісінің қалай басылғаны белгілі. Ал ХХ ғасырдың басындағы бір жылға жетер-жетпес уақытқа созылған Адай көтерілісіне қатысқандардың қандай шығынға ұшырап, қан жұтқанын, қаншасы сотталып, атылып кеткенін патша өкіметінің озбырлығымен салыстырсақ, жер мен көктей айырмашылық бар. Досан көтерілісіне қатысушылардың соғыста, абақтыда өлгендерін санамағанда (Досан да абақтыда өлген), көтеріліс басшыларының азғана адамы ғана Сібірге жер аударылған. Олардың біреуіне де заң жүзінде өлім жазасы қолданылмаған. Осыған қарағанда, большевиктер партиясының, оның қанқұйлы қолшоқпары болған мемлекеттік біріккен саяси басқармасының жауыздығы патша өкіметінің озбырлығынан да асып түскенге ұқсайды. Қызыл империяның қазақтарға, соның ішінде, Маңғыстау халқы үшін жүргізген саясатына көз салсақ, 1950 жылдардың басына дейін бұл жерде жазалау әрекеті әсте бір тоқтамаған. Мұны көнекөз қариялар сыбырлап қана еске алатын. Ішінен тынатын. Олар өмір бойы үрейде, қорқынышта өмір кешкен бейбақтар еді. 1928 жылғы 27 болыс Адайлардан, оның 170 мыңнан аса халқынан 30-ыншы жылдардың аяғында Жылой ауданында – 15 мыңдай, Маңғыстау ауданында одан да аз халық қалды.

Шахман НАҒЫМҰЛЫ,

Атырау университетінің профессоры,

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521