Абырой арқалаған тәртіп сақшылары

2024 жыл өз мәресіне жетіп, Ұлу жылының аяқталуына да санаулы күндер қалды. Ал жыл соңында еліміздің әр өңірінде түрлі саланың үздіктері анықталады. Қарапайым еңбек адамынан бастап медицина, құқық қорғау, спорт, өнер, білім, мемлекеттік қызмет, басқа да саланың мықтылары жылдың нүктесін әдемі қойып, абырой мен бедел биігінен көрінеді. Қоғамның тыныштығын қас қақпай күзеткен ауданымыздың полиция қызметкерлері де осы тұста желтоқсанды жақсы жаңалықпен аяқтап, жас қала Астанадан жүлделі оралды.

«Жаңа Қазақстанның Жыл адамы»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы мен ел Президентінің "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласындағы басымдықтарды негізге ала отырып, ел егемендігінің өркендеуі мен дамуына үлес қосып, ағымдағы жылы өз мамандығының шебері атанған тұлғалар мен азаматтарды қоғамда кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Жаңа Қазақстанның Жыл адамы» атты республикалық байқауы жуырда ғана республика бойынша сала үздіктерін анықтады. Білім өркениеті ұлттық-инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен ауқымды шарада дәрігер, ұстаздар мен полиция қызметкерлерінен бөлек кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері, дарынды жастар, әскерилер, ауыл шаруашылығының мамандары, БАҚ өкілдері, есепшілер, құрылысшылар, зейнеткерлер, заң саласының мамандары мен мемлекеттік қызметкерлердің де хас шеберлері төбе көрсетті. Жыл сайын дәстүрге айналған байқауға биыл ауданымыздан бірқатар азаматтар қатысып, аудан мерейін үстем етті. Еліміздің әр аумағынан «мен, мен» деген мықтыларды жинап, білікті азаматтардың басын қосатын жобаға аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Арман Нәсіпкерей де қатысқан болатын. Маңызы зор жобадан жеңімпаз атанған ол «Жаңа Қазақстанның Жыл адамы» төсбелгісімен марапатталды. Бұл, әрине, жылойлықтар үшін баға жетпес жағымды жаңалық болғаны рас. Елдің құқық қорғау саласындағы елеулі жетістігі мен мемлекеттік, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде аянып қалмаған ол бұл құрметті адал еңбектің жемісі деп біледі.

-Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мені әрдайым қолдап, кәсіби деңгейде тәртіп пен заңдылықты сақтауға ықпал етіп келеді. Сондықтан бұл жеңіс тек менің жетістігім емес, бөлімнің ортақ еңбегінің нәтижесі екендігін ерекше атап өткім келеді. Болашақта да Қазақстанның дамуына, құқық қорғау саласының өркендеуіне, халықтың қауіпсіздігі мен құқығының сақталуына бар күш-жігерімді жұмсаймын. Жаңа Қазақстанды құру жолында бірге еңбек ете отырып, өз қызметіміздің сапасын арттыруға тырысамыз. Аталмыш байқау мені одан әрі шыңдап, қызметіме деген сүйіспеншілігімді арттырды. Және бұл күн мен үшін маңызды сәттердің бірі болып есте қалады,-дейді ол бізбен тілдескенде.

Ерлі-зайыпты полицейлер

Аудан үшін жақсы жаңалық жалғыз мұнымен аяқталмақ емес. Білім өркениеті ұлттық-инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының «Өнегелі отбасы» конкурсына жанұясымен бақ сынаған аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері - Төлеповтер отбасы да республикалық байқаудан жеңімпаз атанып, қатысушылар арасынан ең жоғары бағаға ие болды. Отбасылық құндылықтарды насихаттап, елдегі жанұялық қарым-қатынасты нығайтуды мақсат еткен байқау 3 айға созылып, оған алғашында 1000-ға жуық отбасы қатысқан-ды. Ал іріктеуден өткен 100 отбасы одан әрі өнер көрсетіп, олардың байқауға ұсынған жұмыстары сарапқа салынған. Аталмыш конкурсқа толық құраммен барып, байқаудың шартын мүлтіксіз орындаған ерлі-зайыпты полиция қызметкерлері Жәнібек Төлепов пен Әйгерім Санабаева өздерінің жанұядағы дәстүрлері мен өмірлік ұстанымдарын көрсетіп, қоғамдағы үлгілі жанұялардың қатарына еніп үлгерді. Сүйікті мамандығының арқасында өмірлік жолдасымен 2015 жылы танысып, 2016 жылы отау құрған отбасының бүгінде қос қызы бар. Оларға ұйымдастырушылар атынан арнайы диплом мен сыйлықтар табысталды. Ал жанұяның бұл жетістігін жақындары, достары мен әріптестері ауданымыздың полицейлері үшін де зор мәртебе болғанын жеткізді.

Ақарыс – «Жыл үздігі»

Дәл осы конкурстың «Жыл үздігі-2024» номинациясына қатысқан аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция аға лейтенанты Ақарыс Серікқалиұлы еліміздің дамуына қосқан үлесі мен кәсіби жетістігі үшін «Жыл үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бұл мадақтау да ауданымыздың полиция қызметкерлерінің абыройын одан әрі асқақтата түсті. Ауқымды сайыста қазылар алқасы жылойлық қатысушының кәсіби шеберлігін, қызметіне деген адалдығын және жауапкершілігін жоғары бағалап, үздік деп таныған. Және оның қызметте көрсеткен оң нәтижелері мен халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасай алатын қабілетін ерекше атап өтті. Ал мамандығына деген адалдықтың арқасында қол жеткізген жеңісін ауданның болашағына арнаған жерлесіміз келер жылы қызметін одан әрі жетілдіргісі келетінін жеткізді.

Салтанатты марапаттау рәсіміне еліміздің қоғам қайраткерлері, мемлекет және қоғам саласының танымал тұлғалары қатысып, жеңімпаздарды құттықтады. Еліміздің қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде сіңірген еңбектері үшін еліміздің полицейлеріне алғыс сезімін білдірген. Осы орайда аудандағы қоғамдық тәртіпті сақтап, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп және азаматтардың құқықтарын қорғау жолында уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген барша полиция қызметкерлерін ортақ жеңістерімен құттықтап, келер жылы да жағымды жаңалықтарымен қуанта береді деген сенімдеміз.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT