Баламды медресеге «біл» деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын, деп бермедім,- дейді Абай.
«Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек.» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласынан.
Өткен жылы дара да дана Абайдың 175 жылдық мерейтойына дайындық елімізде ғана емес, бүкіл дүниежүзінде басталып кетті. Абай шығармаларынан үзінді оқу эстафетасын Ләйлім атты оқушы қыз бастап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қолдау көрсетті. Бүкілхалықтық эстафетаға үн қосқан жерлесіміз Юлиана Новикова эстафетаның облыстық деңгейінде топ жарып, республикалық сайыстың жүлдегері болды. Жыл басында жарық көріп отырған Президент мақаласы Абай тағылымын таразылап, дара да дана тұлғаның ұлылық қырларын тайға таңба басқандай айқындап берді.
«Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды» делінген мақалада.
Президент Қ.Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді» деген өнегелі сөзін тілге тиек етеді. Данышпан ақын болашақ иесі жастарға үлкен үміт артып, олардың тәрбиесі мен тәліміне баса назар аударады.
-Адамның бір қызығы бала деген, Баланы оқытуды жек көрмедім. Баламды медресеге «біл» деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын, деп бермедім,- дейді Абай. Президент осы мақаласында ұлтты Абайша сүюге үндейді. Тіпті мемлекет басқару ісінде де Абай тұжырымдарының айқын бағдар екенін аңғартады. Президент өз мақаласында ұлы Абайдың әлемдік мәдениеттің дара тұлғасы екенін айқын дәлелдейді. Алдымызда Президенттің осы мақаласын халыққа кеңінен насихаттап, жастар жүрегіне орнықтыру үшін шешімді шаралар кешенін атқару міндеті тұр.
Нұрдәулет Ақназаров,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
«Дарын» әдеби-шығармашылық бірлестігінің төрағасы,
Жылыой ауданының Құрметті азаматы