Биыл ел Президентінің Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесуіне қатысты өзгерістер енгізіліп, тұрғындар алдында есеп берудің жаңаша тәсілдері айқындалған еді. Таяуда аудан әкімі Жұмабек Қаражанов бекітілген кестеге сәйкес, Ақкиізтоғай ауылдық окруігінің тұрғындарымен жүздесті. Аудан әкімі тұрғындарға алдағы жасалатын жұмыстар туралы айтты.
-Қазіргі таңда Жылыой ауданының 5 жылдық даму жоспары жасақталып жатыр. Онда ауданға қарасты барлық ауылдық округтер мен Жаңа Қаратон кенті және Құлсары қаласындағы шешілуі тиіс өзекті мәселелердің барлығы қамтылуы керек. Ал біз халықпен өткен кездесулерде тұрғындар айтқан ұсыныс-пікірлер арқылы өзекті мәселелерді жинақтап, 5 жылға негізделген сол жоспардың ішіне енгізе аламыз. Бұдан кейін де халықпен жиі жүздесіп, күрделі мәселелердің шешімі мен атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы өздеріңізге айтып отыратын боламын ,– деді аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы өз сөзінде.
Бұқарамен жүздесу сәтінде аудан басшысы ауылда жүзеге асқалы тұрған жұмыстар тізбегіне де тоқталып өтті. Ауыл ішіне 3,5 шақырым автомобиль жолдары салынбақ. Қазіргі таңда жол салу үшін жеңімпаз болып жергілікті «Казкомсервис» мекемесі анықталып отыр екен. Жол құрылысы жуық арада басталмақ, алайда, бөлінген қаражат жеткіліксіз . Көзделген жол құрылысын толық аяқтау үшін қосымша қаражат қарастырылмақ. Одан бөлек, ауылда 200 орындық мәдениет үйі ғимараты бой көтеретін болады. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Сондай-ақ, өзге бағыттардағы 3 жоба әзірлену үстінде. Олар: ауыл көшелерін жарықтандыру, шағын футбол алаңын салу және тоқ желілерін жаңарту.
Аудан әкімімен жүздесу сәтінде жергілікті тұрғындар ауылда қордаланып қалған біраз өзекті мәселені көтерді. Олар айтқан проблемалардың қатарында ауыз су, электр сымдарын жаңарту, жаңа мектеп ғимаратының қажеттігі және құрылыс қалдықтарын төгетін арнайы полигондарды белгілеу, қымбатшылық сынды мәселелер бар еді.
АУЫЗ СУ УАҚЫТПЕН БЕРІЛЕДІ
Әкімге ең алғаш боп өз сауалын жолдаған Ақкиізтоғай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Бектембаев еді.
-Біздің ауылдағы басты проблема бұл – ауыз су. Ауылымыздың тұрғындары осы тіршілік нәріне зәру. Бұрын алты сағат берілуші еді, ал қазір күніне бір-екі сағаттан ғана екі мезгіл су жүреді. Ауылымызда көк желек жоқ, соған байланысты тұрғындар ауласының айналасына бау-бақша өнімдерін еккісі келеді. Тұрғындардың басқа да шаруашылығына су аса қажет. Нарық заманында өмір сүріп жатқаннан кейін, менің түсінігім бойынша, халық ақшасын төлеуі керек те, тиісті мекеме бізге толыққанды қызмет көрсетуі керек емес пе? Жаз басталса болды - біз осы ауыз судың дұрыс берілмеуі салдарынан қиындықтарға ұшырай бастаймыз. Менің бұл мәселені айтуым бүгін бірінші рет емес, біраздан бері су жетіспеушілігі туралы айтып келемін. Судың тұрғындарға жеткілікті түрде берілмеуінің бір себебі - ескі насос. Негізі, Ақкиізтоғайға берілуі тиіс судың мөлшері күніне – 180 тоннадай болса, біз соның 150 тоннаға жетер-жетпесін пайдаланып отырмыз. Өйткені, суды жоғары қысыммен айдауға ескі насостың күші келмейді. - деді ол.
ҚОҚЫС ТӨГЕТІН АРНАЙЫ ОРЫН ЖОҚ
Тұрғындардың айтуынша, ауыл аумағынан құрылыс қалдықтарын, басқа да қалдықтарды төгетін арнайы қоқыс полигонын салуға жер белгілену қажет екен. Өйткені, құрылыс қалдықтарын төгу үшін ауыл халқы Құлсарыға баруға мәжбүр болады. Ал оған арнайы көлік керек, жалданатын көлік иелерінің сұрайтын қымбат пұлын ауылдағы ағайынның бәрінің бірдей қалталары көтере бермейді. Сондықтан, ақкиізтоғайлық тұрғындар ауылға жақын маңнан аталған мақсатта арнайы қоқыс төгетін орын салуды сұрайды. Ал аудан әкімінің сөзінше, жоғарыдан түсірілетін аэротүсірілімдер Жылыой ауданының шекарасынан 80-ге жуық заңсыз қоқыс төгілген орын анықтаған. Сол жерлерді тазалау үшін уақыт беріледі, оған үлгермесе айыппұл төлеуге міндетті боламыз ,– деді аудан басшысы. Бұл мәселені әбден зерттеу керектігін айтқан әкім, мәселенің шешілу жолын қарастыратын болды.
АУЫЛҒА ЖАҢА МЕКТЕП ҚАЖЕТ
Ауылдағы тозығы жетіп, қабырғалары құлап жатқан жалғыз білім ордасы өткен ғасырда, яғни 1975 жылы пайдалануға берілген екен. Екі ауысыммен барлығы 320-дан астам оқушысы білім алып жатқан ескі мектепке әр оқу жылы аяқталған соң, ақтау-сырлау сынды жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырады. Дегенмен, ауылдағы жалғыз мектеп жеңіл-желпі жөндеу жұмыстарын жүргізіп қана қоюға жарамайды. Ең дұрысы ауылға заман талабына сай, жаңа мектеп ғимаратын тұрғызу керек,- дейді түрғындар. Ал аудандық білім бөлімі басшысының сөзінше, жалпы, «Инвест» жобада 2023 жылға ауылдағы ескі мектептің сыртқы келбетіне, төбе шатырына, ауласындағы тас төсемдеріне техникалық қорытынды жасауға қаражат сұратылған көрінеді. Нәтижесінде, маусым айында өткен сессия кезінде аталған жұмыстарға 1 млн 840 мың теңге қаражат бөлініпті. Көрсетілген қаражатқа алдымен техникалық қорытынды, одан соң жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталмақ. Солай күрделі жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ, қосымша жалғама ғимараттар акт залы мен спорт залын салу жұмыстары 2024-2025 жылдарға жоспарланып отыр ,– деді .білім бөлімінің басшысы Айбарша Қақпанбаева.
ЖАС МАМАНДАР ТҰРҒЫН ҮЙГЕ ЗӘРУ
Ақкиізтоғайдағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Амангелді Қарасаев болса «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жұмыс істеуге келген жас мамандарға жатақхана типіндегі баспана салу мәселесін қарастыруды сұрады. «Осы бағдарламамен ауыл мектебінде де, біздің спорт мектебінде де қызмет етіп жүрген қызметкерлер бар. Соларға баспана мәселесі қиындық тудырып тұр. Жер бөлінді дейді, әлі бірақ құрылысы басталатын түрі жоқ» деді ол. Бұл сұраққа аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаев жауап берді.
-«Дипломмен ауылға» бағдарламасының қаражаты біздерде қаралады. Бөлінген қаражат үй салуға емес, сатып алуға беріледі. Жылда аудан бойынша азаматтар сатып алып жатыр, - дейді бөлім басшысы.
Округ тұрғындары тарапынан жиын барысында көптеген сауалдар жолданып, ұсыныс-пікірлер білдірілді. Оның ішінде, ауылға банкомат орнату, ескі тоқ желілері мен бағаналарын, трансформаторларын ауыстыру туралы ұсыныстар берілді. Одан бөлек, ауылда «Қазпошта» бөлімшесінің жоқтығы, газет-журналдың уақытылы келмейтіндігі, оператор мен хат тасушы курьердің жоқтығы да сөз болды. Тұрғындардың қой-қозысын жеп кететін бұралқы иттердің де жайы жасырын қалмады. Аталған сұрақтарға тиісті сала басшылары мен өкілдері жауап берді.
Ауыл тұрғындарымен кездесу аяқталған соң аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы ауылдағы ескі мектеп ғимаратына арнайы барып, жағдайымен танысты.
Ш.ХАМИТОВА