Ақкиізтоғай ұлдарын ұмытпайды

Еліміздің ертеңін дамытатын, өркендететін - жастар.

Қазіргі өркениетте жастар тәрбиесі мен олардың белсенділігі қоғамда елеулі орын алатындығы айқын. Осы бағытта ауылдық, қалалық елді мекендердегі спорттың және мәдениеттің, жалпы жастар қозғалысының көшбасшысы болатын азаматтар қатарының көбейе түсуі бізді қуантады. Осындай ауыл жастары бастамашыл тобының ұйымдастыруымен Ақкиізтоғай ауылында үлкен спорттық шара өткізілді. Спорт сайысы ауыл спортына, мәдениетіне өз үлестерін қосқан азаматтар, бұл өмірден ертерек өткен марқұмдар Сүйін Айтқұлов пен Дүйсен Оспановты еске алу мақсатында өткізілді.

Волейболдан және кіші аяқдоптан өткізілген спорт сайысына Құлсары қаласынан, Майкөмген, Шоқпартоғай ауылынан, Жаңа Қаратон кентінен, «Сарықамыс» ықшамауданынан, Маңғыстау облысынан т.б. елді мекендерден барлығы 13 команда қатысты.

Спорт шарасын ауыл әкімі Дастан Тілеуов ашып, ауыл тұрғындары, ақсақалдар Ә.Нәріков, А.Қарасаевтар жастарға ақжол тіледі. Сол сияқты марқұмдар Сүйін Айтқұлов пен Дүйсен Оспановтың туысқандары сөйлеп, осы шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтты. Спорт сайысының нәтижесінде волейболдан 1-ші орынды Құлсары қаласының ардагерлер командасы, 2-ші орынды Ақкиізтоғай ауылы жастар командасы, 3-ші орынды Құлсары қаласының «Аэропорт» ықшамауданы иеленді. Кіші аяқдоптан 1-ші орынды Құлсары қаласының «Жігер» жастар командасы, 2-ші орынды Құлсары қаласының «Ырыс» жастар командасы, 3-ші орынды Майкөмген ауылының жастар командасы иемденсе, 4-ші орын Жаңа Қаратондағы «Сарықамыс» жастар командасына тиесілі болды.

Осы тұрғыда шараны өз деңгейінде ұйымдастыра білген Ақкиізтоғай ауылы жастарының бастамашыл топтарының еңбегін айтпай кетуге болмайды. Ақкиізтоғай ауылын өркендетуге өз үлестерін қосып жүрген Темірхан Тұрлашев, Нұрлыбай Ықыласов, Бекболат Рысқалиев, Асылбек Сағынғалиев, Асхат Жаңбырбаев сияқты азаматтардың елеулі еңбегіне ауыл тұрғындары дән риза. Бұл азаматтар тек спорт шаралары емес, ауыл тазалығына, архитектурасына, пайдалануға берілген нысандардың қорғалуына, жолдардың бұзылмауына үлкен жанашырлық танытып жүр.

Ақкиізтоғай ауылында алғаш рет ат бәйгесін ұйымдастырған, тұрақты бәйге алаңын жасаған да - осы азаматтар. Жастық пен қайнаған еңбектің ортасы болған Қазыбек жайлауына ескерткіш тақта орнатты. Мұның бәрі тарих қойнауында шоқтығы биік ізгі істер ретінде сақталары сөзсіз. Біз жастардың қандайма болмасын жақсылықты істерін, игілікті бастамаларын қолдауымыз керек. Қарапайым азаматтар болайық, партия мен биліктегіміз болайық елдің ішкі тыныс-тіршілігіне баса назар аударып, қарапайым халықпен жақындаса түсуіміз қажет. Ауыл жастарының жаңашыл бастамалары алға қарай да жалғасын тауып тұрады. Қайткенде қалай болады, тәрбиелік, танымдық жағдайларын, маңыздылығын біз де өз тәжірибемізден айтып, кеңес беріп отыратын боламыз.

Әлімберді Нәріков,

жоғары санатты мұғалім, жергілікті қоғамдастық мүшесі, медиатор,

Ақкиізтоғай ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521