Ақкиізтоғай ауылында алаңдатар жайлар бар

Жуырда аудандық мәслихат депутаттарының тұрғындармен кездесу кестесіне сәйкес, ауылдағы бас қосу болды.

Ақкиізтоғай ауылы тұрғындары ұсыныс-пікірлері мен көптен өздерін алаңдатып жүрген мәселелерді ортаға салды. Жол, көше жарығы, тоқ көзінің аздығы тағы басқа қиындықтар туралы айтылды.

Кездесуде аудандық мәслихат хатшысы С.Таласов қазіргі таңда Ақкиізтоғай ауылдық округіндегі өзекті мәселелердің бірі - ауылдағы көшелерге жол салу мәселесі төңірегінде хабарлама жасады. Келген ауыл тұрғындары ауылішілік жол мәселесін қозғаған болатын.Мәслихат хатшысының айтуынша, ауыл ішіне 3,1 км жол салыну жоспарлануда. Өңірді дамытудың бес жылдық жоспарына енгізілмек. Сондай-ақ, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің маманы «мердігер «Казкомсервис» мекемесі екенін»  мәлімдеді.

Келесі бір тұрғын көше жарығы мәселесін қозғады. Тұрғынның айтуынша, өзі тұратын көшеде жарық жоқ. Бұған ауылдық округ әкімі Қ.Мыңбаев жауап берді.

-Биыл көше жарығына, асфальт жүретін көшелерге қаражат бөлінуде. Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, барлық ауылдық көшелерді көше жарығымен түгел қамту жоспарда тұр. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталуда. Сараптамадан өту мерзімі 6-8 ай,- деді ауыл әкімі.

Сонымен қатар, Құлсары қаласында ғана емес ауылда да балалар алаңын қирату сияқты келеңсіз фактілері көптеп тіркелуде. Өз күшімен салынбаған дүниенің қадірі болмайды демекші, аудандық мәслихат хатшысы С.Таласов және ауыл әкімі Қ.Мыңбаев «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржылық қолдауымен қайтарымсыз қаражат арқылы тұрғындар өз күшімен балаларға арналған алаңқай т.б жобаларды іске асыруға болатынын атап өтті. Соның бірі дәлелі - жуырда іске асқан «Қоғамдық кеңістіктер» жобасы арқылы алты бірдей алаңның  халық игілігіне пайдалануға берілуі. Осындай жобаларға ауыл тұрғындарына да қатысуға болатындығы айтылды.

Жиында электр тоғы мәселесін де тұрғындар қоса айтты. Күн ыстықта ток желісі көтермей, уақытша сөніп қалып жатады. Бұл тек ауылда ғана емес, қаламызда да болатын жағдай. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің маманы «ауылдағы электр желілері жаңартылатынын, аталған жұмыстар орындалса, ток мәселесі шешілетінін» жеткізді. Сондай-ақ, тұрғындармен өткен кездесуде  бірқатар ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Базардағы азық-түлік бағасының шеткен тыс өсуі, асфальт жолдар салу жұмыстарын қадағалау, ауылға техникалық су тарту секілді ұсыныстар айтылды.

Ақкиізтоғай ауылы тұрғындарымен болған кездесу соңында аудандық мәслихат хатшысы С.Таласов бүгінгі айтылған өзекті мәселелердің заң аясында шешілетінін атап өтті. Келесі кездесуде осы аталған мәселелер бойынша шешімін таппаған мәселелер қайтадан қаралатынын да жеткізді. Тұрғындар айтқан ұсыныстар бойынша бөлім басшыларымен бірге ақылдасып, шешімдер қабылданатындығын да атап өтті.

А.МОЛДАШЕВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT