Ақкиізден ән салдым әуелетіп...

Жаз шыға әралуан гүлге бөленіп, Түркімен кілеміндей құлпырып шыға келетін жазира жайлау, ежелден қасиет дарыған алтын аймақ- Ақкиізтоғай!

Ауданымыздың шығысын түгелдей алып жатқан киелі мекен, Пір Бекеттің кіндік қаны тамған, топырағына мүбәрак табаны тиген, әулие Ата құмарлана жұтқан жұпар ауа-Ақкиізтоғай! Ежелгі бабаларымыз- Сарматтар еркін көшіп ен жайлаған киелі өңір - Ақкиізтоғай!

Ел басына күн туып, «Ақтабан шұбырындыға» ұшырағанда бабаларымыздың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, басқыншылардың басына ақырзаман орнатып, тоз-тозын шығарып қуғаннан кейін ата күлдік Маңғыстауға қайта ат басын бұрғандағы табалдырық – Ақкиізтоғай!

Сәли Шәкірова, Нұрмағамбет Арқабаев, Жанбөпе Мергенбаева, Кісенбай Асабаев, Келбатыр Төлесінов сынды Еңбек Ерлері шыққан – Ақкиізтоғай! Қабиболла Сыдиықов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Аманқос Ершуов, Маржан Ершу Аманқосқызы, Өтеген Оралбаев, Айтуар Өтегенов, Сәулеш Шәтенова, Бүркіт Базарбаев, тағы басқа ақындардың отаны- Ақкиізтоғай! Асыл қасиеттерін айта берсең сөз жейтпейтін, жаза берсең сия жетпейтін өрісті өлке-Ақкиізтоғай!

Бұл күнде қалаға айналған, сәнді орта мектебі, жаңа типті ауруханасы, спорт кешені, су жаңа балабақшасы ел игілігіне айналып отырған Ақкиізтоғай! Жуықта ауданымыздың 90 жылдық торқалы тойына орай өткізіліп жатқан «Мұнайлы мекен - Кең Жылыой» атты фестивалінде ақкиізтоғайлықтардың да құндылықтарын көпке паш етудің сәті келді. Олардың мерекелік көші аудан әкімі алдындағы аланға жүктерін түсіріп, шаңырақ көтерді. Кең дастархан жайылып, шаруагерлер көбігі бұрқыраған шұбатын, ірімшік, құрт, сары майын, балқаймағын, қауын, қарбыз,қиярын сөреге шығарды. Ақкиіз кітапханасы дайындап әкелген әдеби-мәдени көрме столға қойылды. Қолөнер бұйымдарының көрмесі де көз тартарлық әсемдікпен жайнап тұрды.

Күн бата алаң сахнасына Ақкиізтоғай ауылдық округінің бас маманы Сұлтанбек Бақберген шығып, аймақтың бүгінгі ахуалымен, сол ауыл ардагері Наурызбай Төлеуов шығып өткен тарихымен қысқаша таныстырды. Сөз соңында Наурызбай «Сұршақыз» әнін әуелетті. Сол ауылдың тума перзенті, белгілі өнерпаз Алпамыс Қалыбаев сахнаға шығып, «Ақжайнақ», «Әриайдай» әндерін шырқап, жиналғандарды бір серпіліп тастады. Кезек поэзияға тиіп, Меңдекеш Сатыбалдиевтың «Аулым» өлеңін 10-сынып оқушысы Айтбаева Гауһар, Сәулеш Шәтенованың «Туған жер» өлеңін 10-сынып оқушысы Тәжі Аңсарбек, Маржан Ершуованың «Алтын адам» өлеңін Жақсығали Әділет мәнерлеп оқып берді. Одан кейін Әділет Жақсығали өз өлеңі «Туған жерді», жас ақын, 10-сынып оқушысы Нұрланқызы Дана өзінің «Ауылым» атты өлеңін жатқа оқыды.

Кезек өнерпаздарға тиіп, әсем ән, күмбір күй, мың бұралған би көпшілік көңілінен шықты. Мейірбек Құдасбеков, Жаңылсын Қуанышқызы, Рүстем Бақтияров салған әндер жүрек тербесе, кішкентай Мөлдір Дүйсенғалидің «Аққу» биіне көрермендер дуылдата қол соқты. Ақкиізтоғайлықтар тыңғылықты даярлығымен жоғары өнер үлгісін танытты. Тек бір «әттеген - айы» осынша өнер нәрімен сусындауға халық аз жиналды. Енді осы концерт өнегесі Ақкиізтоғайдың өзінде көрсетіліп, ауыл халқының алғысына бөленсе деген тілек бар.

Нұрдәулет Ақназаров,

Жылыой ауданының Құрметті азаматы,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521