Ақ халатты Сәния

Экологиялық ахуалы төмен, табиғаты қытымыр ауданымызда халық арасында түрлі тері аурулары көп. Солардың сырқатына шипа іздеп баратын жері – кейін қала атанған Құлсары поселкесіндегі әлгі жалғыз диспансер еді. Талай адам осы жерден құлан таза жазылып, өзін мазалаған аурудан біржола құтылып, алғысын айтып шығып жататын. Себебі мұнда марқұм, білікті де білімді, тәжірибелі дерматолог-бас дәрігер Роза Бөртебаева бастаған ақ халатты абзал жандар еңбек етті. Солардың бірі - Сәния Арыстанова.

Ол тері-венерологиялық диспансеріне 1977 жылы жұмысқа тұрды. Уақыт атты керуен тоқтаусыз зымырап алға тарта берді. Сөйтіп, күні кеше ғана өндірдей жап-жас маман боп табалдырығынан аттаған диспансерде еңбек еткеніне 42 жыл болғанын да байқамай қапты. Бәрі де қас-қағым сәтте өткендей. 42 жыл дегеніңіз аз емес, бұл жылдар ішінде Сәния бай тәжірибе жинақтап, шын мәніндегі өз ісінің шеберіне айналды. Тері ауруларынан зардап шеккен сырқаттар оның сапалы емімен қатар мейірімді, жылы сөздерінен де дәру алып, алғысын жаудыратын. Алғыс арқалаған да бір ғанибет қой!

Заман желі әдетте бір бағытта соға бермейді. Кейін осы емдеу орнының құрылымдық жүйесі өзгерді, сонда да кәсіби дәрігерлер мен медбикелер сүйікті жұмыс орындарын тастаған жоқ. Былтыр диспансер жабылып қалды. Ұзақ жылдар еңбек еткен орындарын қимаған ақ желеңді жандар да қимай-қимай қоштасты. Себебі мұнда тынымсыз еңбек еткен жылдары, жастық шақтары мен өткен шақтар, сәттер, сағаттар қалды. Сәния Арыстанова бірге жұмыс жасаған әріптестерімен жиі-жиі бас қосып тұрады. 42 жылдық еңбек өтілінде одан жас дерматологтардың үйренгені аз емес. Талай рет жастарға тәжірибесін үйретіп, ақыл-кеңесін аяған жоқ-ты. Сол жастар оны әлі күнге құрметтейді, көргенде сый-құрметтерін аямайды.

Жақында олар дастархан жайып, сүйікті апайларын ортаға алып, сый-құрмет көрсеткені бар. Ұзақ жыл жұмыс жасаған маманның еселі еңбегі ескерусіз, елеусіз қалғанына іштей налитын да - осы әріптестері. Сол отырыста зейнеткерлер Сара Айдабаева, Рабиға Балмұхановалар да болды. Барлығы дәл баяғыдай мәре- сәре боп бас қосып, естеліктер айтып, әңгіме тиегін ағытты дейсің бір... Сәния апайларынан, енді бірі құрбыларынан ақ тілектерін де аямады. Сөйтіп, өздерінше сый-құрмет көрсетіп, шығарып салды. Біз де Сәния Арыстанованы 8 наурыз мерекесімен құттықтап, сандаған сырқаттан алған алғысыңыз сізге шапағат боп оралсын демекпіз.

С.Тәжіқызы

COVID 19

covid

Күнтізбе