Ақкиізтоғай ауылының мәдени күні атап өтілді

Ақкиізтоғай ауылдық округі - ауылдық әкімшілік округінің орталығы Ақкиізтоғай  Құлсары қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 30 км жерде, Жем өзенінің жағалауында орналасқан.

Ауылдың неліктен Ақкиізтоғай аталғаны жөнінде мынадай қызық болжам бар. Кіші жүздің биі болған Қожаназар Жанайұлының асын бергенде Жем өзені бойында мың ағаш үй тігіліпті. Сол асқа Кіші жүздің ханы Айшуақ та келеді. Ханды құрметтеп қарсы алып, оның мініп келген күймесі тұрған жерден арнайы тігілген үйге дейін ақ киіз төселген екен. Сол алқап кейін Ақкиізтоғай аталыпты-мыс. Әрине, бұл туралы нақты деректер жоқтың қасы. Дегенмен, Ақкиізтоғай тарихы бай, киелі өңір. Бір қызығы бұл жердің ауасы да бөлек, климаты ауданымыздың өзге елді мекендеріне қарағанда қоңыр салқындау боп келеді. Экологтар зерттеу жүргізгенде Ақкиізтоғай  ауасының басқа өңірлерге қарағанда ең таза құрамында зиянды қоспалар мүлдем жоқ екендігін анықтаған. Іргеде сұлудың бұрымындай бұрала аққан Жем өзені. Ауылдан әріректе ақбор төбелер тізбегі басталады. Міне, сол жерде атақты Бекет Мырзағұлұлы атаның Ақмешіт деп аталатын кесенесі бар. Әулие ата сол жерде туған. Ақмешіт кесенесіне жетер жолда тағы бір әулие Құлшан ата қылуеті бар. Ол да биік төбе басында орналасқан. Бекет атаға зиярат етуге келгендер Құлшан ата қылуетіне соқпай кетпейді. Бұл тарихи орындардағы арнайы тақтайшаларға деректер жазылған. Түнек үйлер бар. Ақмешіт кесенесі де, Құлшан ата қылуеті де тылсым сырға толы киелі жерлер.

Ең бір ғажабы, сол маңдағы Аралтөбе қорымынан әйгілі Алтын адам табылды. Археолог ғалым Самашев ашқан бұл жаңалық төрткүл дүниені таңқалдырған сенсациялық жаңалық болды. Сармат көсемі мүрдесі табылған қорым резервацияда. Ол Қазақстанда алғаш табылған Алтын адамнан кейінгі екінші Алтын адам. Міне, осындай тұнып тұрған тарихи шежіре, деректерге бай өңір Ақкиізтоғай шынында да ерекше қасиетті мекен саналады. Осы ауылдан Меңдекеш Сатыбалдиев, Қабиболла Сыдиықов, Аманқос Ершуовтай сөз зергерлері, басқа да дүлдүл ақындар, жыраулар, ғалымдар дүниеге келген. Ақкиізтоғайды халық ақындар ауылы деп атайды. Бұл осы жерден шыққан талантты жандардың көптігіне байланысты. Талай саңлақ туған топырақта бүгінде еңсесі биік Ақкиізтоғай ауылы бар. Ауыл - қазақтың алтын бесігі деген сипаттама Ақкиізтоғайға арнап айтылғандай.  

Ауылдағы Амангелді атындағы орта мектеп 1928 жылы алғаш 4 кластық бастауыш мектеп болып ашылған, 1938 жылы 7-жылдық мектепке айналды. Ал 1962-1963 оқу жылынан бастап 10 жылдық, кейін 11 жылдық  мектеп болды.

Балабақша, дәрігерлік емхана, Денешынықтыру сауықтыру кешені жұмыс істейді.

Жекелеген қожалықтар мен бұрынғы кеңшар негізінде ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы өнімдерін өндіретін “Жаңа таң” АҚ  бар.

Ауылда Есенгелді Нұршайұлы мешіті салынған. Мешіт құрылысы 2004 жылы басталып 2005 жылы аяқталды. Құрылысты жүргізген «Жылыоймұнайгаз» және «Жаңа таң» ЖШС.

bd272399-f9a1-4bde-aca6-81a232d29067

Өткен аптада аудан әкімінің бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес, Құлсары қаласында Ақкиізтоғай ауылдық округінің «Ел ішіндегі өнер бар, өнерді тапқан шебер бар» атты мәдени күні өтті. Орталық сахна алаңында ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда жергілікті өнімдер халыққа ұсынылды. Шұбат, қымыз, құрт, тағы басқа дәмі тіл үйірер ұлттық тағамдар қойылды.  Бір шетте ауылдағы қолөнер шеберлерінің бұйымдары қойылған көрме ашылды. Сондай-ақ, кітап көрмесін де Құлсары қаласы тұрғындары қызыға тамашалады. Кітап көрмесіне Ақкиізтоғай ауылынан шыққан ақын-жазушылардың шығармалары қойылды.

c8f19d92-1fc4-4119-a868-2c75c314f603
Ақкиізтоғай ауылдық округінің мәдени күнінде округ әкімі Қанат Мыңбаев құттықтау сөз сөйлеп, шараның шымылдығын ашты.

Сахнада облысымызға танымал әншілер әсем ән шырқады. Атап айтқанда, олар: Р.Бақтияров, Б.Көбеева, «Қыздар» тобы - Ж.Жаумаден, ауылдың жас әншілері А.Бірімбайұлы Б.Күшікбайлар. Х.Сағынбаев т.б өнерпаздар күмбірлеген күйден шашу шашып, бишілер мың бұрала билеп, жас өнерпаздар өнер көрсетті.

 

 

С.БАҚТЫҒАЛИ

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521