Бұл тұрғындардың көптен бергі тілегі еді. Өткен қараша айында «Казкомсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қаладағы 9-учаскенің 250-ші, 248-ші және 248 «а» көшелеріне барлығы бір шақырымнан астам тасжол төсеп шықты.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Бекет Елемесұлының айтуынша, бұл – Құлсары ішіндегі тасжолдарды қайта жаңғырту мақсатында қолға алынып жатқан жұмыстар. Жалпы, жоспар бойынша аудан орталығында 107 шақырым асфальт жолдар төселуі тиіс. Оның алғашқы бөлігі бойынша 45 шақырымға созылған көшелер қамтылады. Күні бүгін қазан айынан бастап алты шақырым жол салынып отыр. Мұның ішіне «Автожолшылар» ықшамауданы мен 8,9-учаске кіреді. Қыс мезгіліне байланысты аталған жұмыстар алдағы көктемнен бастап өз жалғасын таппақ.
–Тұрғындардың көптен бергі өтініш-тілегін жерге тастамай, ауылымызға тасжол төсеуге ықпал еткен бөлім басшысы Ерназ Ысмағұлға,оны тез әрі сапалы аяқтаған «Казкомсервис» ЖШС директорының орынбасары Бағытжан Құлтекеновке, бригадирі Нарболат Сабырбаев алғысымызды білдіреміз. Сонымен қатар, осы тасжолдың іргесінен кіші аяқ доп алаңына арналған шағын стадион да пайдалануға берілді. Мұның барлығы жергілікті әкімдіктің халықтың мұң-мұқтажын ескергені деп білеміз, – дейді осы учаске тұрғындары Мүтиғолла Қайшыбаев, Марат Көңіловтер.
Е.Қошақанов.