80 ЖЫЛДАН КЕЙІНГІ «БОЗДАҚТАР ЖАЙЛЫ ЖАҢА МӘЛІМЕТ»

Жуырда редакциямызға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, газетіміздің тұрақты оқырманы Гайдар Арыстанов келді. Өзінің айтуынша, жеке мұрағатын қарап отырып, «Кең Жылой» газетінің 2017 жылғы 17 тамыздағы №33 санынан соғыста хабар-ошарсыз кеткен үлкен әкелері туралы күтпеген дерекке кезіккен. Онда маңғыстаулық ерікті іздеуші Жәнібек Науаровтың «Жылойдан кеткен боздақтар (1941-1945 ж.ж.) жайлы жаңа мәлімет» атты деректі материалы жарық көрген еді. Аты айтып тұрғандай, басылымның сегіз жыл бұрынғы бетінде жылыойлық боздақтар жайлы еш жерде жарияланбаған тың мәліметтер шыққан-ды.

Міне, осы деректер тізімінен Гайдар ақсақал 80 жылдан астам уақыт бойына бірде-бір хабарын біле алмай жүрген өз әкесінің ағалары, яғни үлкен әкелері жайлы ақпарат оқыпты. Көктен іздегені жерден табылған кеңес төрағасы тура бауырлары тіріліп келгендей қатты қуанды. Газет шыққалы да 8 жылға тарта уақыт өткен екен, мұны қалайша аңғармаған? Басылымның әр санын оқып, сақтап, мұқият тігіп келеді. Сол жылы қалай назар аудармаған? Бірақ «Ештен кеш жақсы» дегендей, егер биылғы 80 жылдық қарсаңында ақтарып қайта қарамағанда, мүмкін, әлі қаншама уақыт сарыла іздестіріп жүрер еді. Қуанышы қойнына сыймаған ол бұл жаңалығын журналистермен бөлісуге келіпті. Бірінші, әкелерін тауып берген маңғыстаулық Жәнібек Науаровқа, қала берді деректерді жариялаған аудан айнасы – «Кең Жылой» газеті редакциясына алғысын жаудырды.

Арыстановтар әулетінің іздегені – Зада Арыстанов, Гайдар Арыстановтың әкесінің туған ағасы еді. Ол туралы Жәнібек Науаров келтірген аудандық газеттегі деректе былай деп жазылған: «Арестанов Зада (Арыстанов Зада). Гв. Красноармеец. 117 гв.сд.—1943, Жилокосинский РВК. Гурьевская обл., Жилокосинский р-н, Артюбинский с/с 1924-16.08.1944 г. Отец Турибеков Аристан. Губ. Кальцы. Сандомирского у-да, Вол.Липник. сел. Лещкув. полковое кладбище №3». Бұдан гвардеец Зада Арыстановтың жаудың бетін тойтарып, Польша жеріне дейін жауынгерлік жорықпен барғанын көреміз. Сондай-ақ, сол тізімде әкесімен қатарлас немере ағасы Бағыттың ұлы – Сабыр Бағытовтың да жерленген жері туралы мәлімет келтірілген екен. «Багитов Сабир (Бағытов Сабыр). Красноармеец. 397 сд. Жилокосинский РВК, Казахская ССР, Гурьевская обл.,Жилокосинский р-н 1924-08.03.1943 г. Мать Багитова Акинжи, Аратубинский с/с. Ленинградская обл, Поддорский р-н, д. Холмы, южнее, 600 м» деп көрсетілген.

Бұл сүйінші хабар Гайдар Арыстанов әулетін көкелері мен үлкен әкелерімен қайта қауыштырғандай әсерге бөледі. Көп ұзамай кеңес төрағасы маңғыстаулық Жәнібек Науаровқа хабарласып, телефон арқылы алғысын білдірген еді.

- Әңгіме арасында мен табылған Сабырдың әкесі Бағыт көкеміз бен оның тағы бір ұлы Қайырды іздестіріп жүргенімді айтқан едім. Жәнібек сол бойда компьютерінен қарап жіберіп, біраз мәліметті жайып салды. Сөйтсек, Қайыр Бағытов әкеміз КСРО-ны жапон милитаристерінен қорғаған Қиыр Шығыстағы Кеңес армиясында борышын өтеген екен. Ол өте сауатты жігіт болса керек, әскерге түскесін штабта қызмет атқарып жүреді. Бір түнде жапон әскерлері шекарадан жасырын өтіп, штабқа тұтқиылдан шабуыл жасап, ондағы адамдарды қырып кетеді. Сол қаза тапқан әскерилер ішінде біздің әкеміз Қайыр Бағытов та көз жұмған екен. Мұны телефонмен сөйлескен сәтімізде Жәнібек Науаров ініміз сайтты парақтап отырып, сол бойда іздестіріп, тауып берді,- дейді ризашылығын білдіріп.

Арыстановтар әулетінің енді Төребеков Бағыт көкелерінің жерленген жері табылса деген тілегі бар. Ол жайлы дерек те жақын уақытта шығып қалар деген сенімде. Өйткені ол жоғарыда айтып өткен сүйегі Ленинград облысында жатқан ұлы Сабыр Бағытовпен бірге әскер қатарына алынып, Қазақстанда жасақталған дививизияда бірге болып, майданға аттанған екен.

– Бұл оқиға біздің әулетіміз үшін күтпеген жаңалық болды. Және қуанышты хабардың Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен тұспа-тұс келуі де бекер емес. Ендігі мақсат – аталар аруағын шат қылып, ұрпақтары жатқан жеріне туған жердің топырағын салу. Бұл – бізге жүктелген міндет, ұрпаққа аманат,- деді тебіреніс үстінде Гайдар аға.

Иә, бір әулеттен осыншама арыстың аттанып, аман қайтпауы, соғыс салған сойқанның қаншалықты қайғы әкеліп, қасірет шектіргенін аңғару қиын емес. Жаралы жылдар жаңғырығы арада 80 жыл өтсе де жаңа мыңжылдыққа жетіп, ұрпаққа естіліп тұр. Демек бұл Жеңістің жүз жылдығында да ұмытылмайды деген сөз.

А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT