78 жылдан кейін

Іздестіру жұмыстары ешқандай нәтиже бермеді.

Міне, ХХІ ғасырдың 21-жылына аяқ бастық. Бірақ сонау ХХ ғасырдың 40-жылдарында дүниежүзін дүр сілкіндіріп өте шыққан Ұлы Отан соғысының жаңғырығы әлі естіліп жатыр. Бірнеше ондаған миллион адамның өмірін жалмаған сұм соғыстың салған жарасы әлі күнге жазылған жоқ. Қаншама ана ұлынан, бала әкесінен айрылып, батысқа қарай-қарай екі көзі төрт болумен кетті. Бірі із-түссіз жоғалса, енді біреулерінен мүлдем хабар да келмеді. Оларды өлдіге қимаған жүректер келер деп үміттеніп, бар саналы ғұмырын күтумен өткізді. Ақыры өздері де өмірден баз кешті. Енді сол оралмай кеткен боздақтардың артынан жоғын жоқтап, ізін зерттеген немерелері, шөберелері шықты. Іздестру әлі де жалғасуда.

Ұлдары Отан қорғау жолында опат болған отбасының иесі Өтетілеуұлы Берді қарт. Кемпірі Оспан 10 құрсақ көтерген, оның барлығы да ер бала болған алтын құрсақты ана еді. Бірақ 30-жылдардың басында қазақ халқының басына төнген зұлмат – ашаршылық оның алтауын жұтып тынды. Қалған төрт баласы төрт құбыласындай көрінген. Бірақ қатал тағдыр мұны да көп көрді ме, қайдам, үлкен үш ұлы бірінен соң бірі әскер қатарына алынып, сүйегі жат жерде қалып, туған жердің топырағы да бұйырмады.

-1913 жылы туылған ұлының үлкені Байтан еді. Ол 1939 жылы Кеңес Армиясы қатарына алынып, екі жыл Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, енді елге келгелі тұрғанда неміс фашист басқыншылары тұтқиылдан соғыс ашып, сол жақтан елін-жерін қорғауға аттанды. Сол кеткеннен Байтан атамыздан еш хабар келмеді, артынан бір дерек те табылмады. Сүйегінің қайда қалғанын да білмейміз. Іздестіру жұмыстары ешқандай нәтиже бермеді. Ал ортаншы ұлы Аташ 1942 жылы майданға аттанып, 1943 жылы қаза табады. Сол кезде ол не бары 21 жаста болатын. Бірақ көпке дейін біз оның жерленген жері жайлы ешбір дерек таба алмай келдік. Тек 2015 жылы атамыздың қоршауда қалған қаһарман Ленинград қаласын зұлым жаудан қорғау жолында шайқасып, оққа ұшқаны, қазіргі Санкт-Петербург қаласы маңындағы Карбусель деревнясындағы Новая Малукса бауырластар зиратына жерленгені белгілі болды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы тойланып жатқанда Ресей еліне арнайы барып, атамыздың басына топырақ салып, дұға оқып қайттық. Енді бүгін сөз еткелі отырған Бекбосын Бердиев атамыз бұрынғы Гурьев облысының сол кездегі Маңғыстау ауданына қарасты «Жыңғылды» колхозында жұмыс жасап жүрген жерінен Куйбышев ауылдық советінен әскер қатарына шақырылады. Бұл уақыт - 1941 жылдың 4 қаңтары, яғни соғыс өрті әлі тұтана қоймаған кез. Демек атамыз азаматтық борышын өтеу кезінде сол жақтан майданға жөнелтіліп, фашист басқыншыларын алғашқылардың бірі болып қарсы алған жауынгер. Бірақ ол кісіден де ешқандай хабар- дерек болмады. Оның Қызыл Армия қатарына Маңғыстаудан алынуының да өзіндік себебі бар. Ашаршылық жылдары 10 баласын бірдей асырауға мұрғасы болмаған әжеміз Бекбосы- нын нағашысына берген екен. Сөйтіп ол сол жақта тұрақтап тұрып қалыпты, - дейді Берді ақсақалдың елде қалған кенже ұлы Ізтұрғанның баласы Руслан Бердиев.

Русланның айтуынша, әкесінің ағаларын іздестіру жұмыстары бірнеше жылдан бермен қарай жалғасып келеді. Бердіұлы Аташтың сүйегінің табылуы елдегі ұрпақтарының үміт отын үрлей түсті. Сол сенім, ақыры Бекбосынның рухының да елге оралуына септігін тигізді. Хабарсыз кеткен боздақ туралы қуанышты хабар сол Бекбосын Бердиевтің өзі әскерге аттанған Маңғыстау аймағынан келіп жетті. Хабар-ошарсыз, із-түссіз кеткен боздақтарды іздестірумен айналысып жүрген боранқұлдық Жәнібек Науаров жылыойлық жауынгердің ізін сонау Германия жерінен тапты. Сөйтсе, ол Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін бір жылға тарта зұлым жаудың бетін тойтару үшін шайқасып, 1942 жылдың 30 мамырында тұтқынға түскен болып шықты. Фашистердің қолында адам төзгісіз күндерді бастан кешірген 20 жастағы жас жігіт мыңдаған тұтқындармен бірге батысқа айдалып, ақыры Германияның Зандбостель концлагерінен бір-ақ шығады. Тұтқындар түрмесіне №210085 нөмерімен тіркелген. Жат жерде жаудың көрсеткен небір азабы мен қорлығын көрген жылыойлық жас жігіт ақыры 1943 жылдың 24 шілдесінде қаза табады. Бұл туралы арада 78 жыл өткеннен кейін, яғни 2021 жылдың көктемінде ғана белгілі болып отыр. Ал ата-анасы мен нағашылары, жалғыз інісі Ізтұрған Бекбосын Бердиевті күте-күте бірі өткен ғасырдың 50-жылдарында, бірі 80-жылдары өмірден өтіп кетті.

-Жәнібек Науаровтың тауып берген дерегінде атамыздың №210085 нөмерлі тұтқын ретіндегі жеке құжаты тіркелген. Онда неміс тілінде аты- жөні, шыққан жері мен ұлты, басқа да деректері жазылған. Немістердің мұқияттылығы сол, бізді қуантқаны аталған қағаз бетінде Бекбосын атамыздың фотосуретінің де қоса жапсырылғаны еді. Оны көргенде бейне атам тіріліп келгендей қатты қуандым, - дейді Руслан.

Ал «ОБД Мемориал» сайтындағы деректе жылыойлық жауынгер Бекбосын Бердиев туралы: «Вердиев Бек-Посен Гутуфлуевич (Бердиев Бекболсын). 1907 г. Гурьевская обл., ауыл №7. Погиб плену 24.07.1943 г. Попал в плен 30.05.1942 г. Место пленения: Воронеж. Лагерьный номер: 210085. Место захоронения: Зандбостель» - деп жазылған. Руслан Бердиевтің айтуынша, бұл жерде атасының туған жылы белгісіз себептермен қате жазылған екен. Ал аты-жөнінің өзгеріске ұшырауы заңды. Өйткені барлық дерек неміс тілінде толтырылған концлагерь құжатынан алынған. Сондықтан «Вердиев Бек-Посенның» Берді қарттың ұлы Бекбосын Бердиев екенінде күмән жоқ. Оны бұл салада көпжылдық тәжірибе жинақтаған боранқұлдық Жәнібек Науаров та растап отыр.

-Ендігі мақсат: атамыздың жатқан жеріне барып, зиярат ету. Бірақ Германияның Еуропа құрлығында, ал Зандбостель деген жердің Берлин қаласынан 200 шақырым қашықтықта, батысқа таман орналасқанын ескерсек, онда барып-қайту оңайға соқпасы анық. Оның үстіне, дүниежүзін дүрліктірген пандемия пәрмені басылмаған уақытта ол жаққа бару да қауіпті. Сондықтан бұл сапарымыздан әзірге кідіруге тура келеді, - дейді Р.Бердиев.

Бердиевтер әулеті енді ата-әжесі Берді мен Оспанның үлкен ұлы Байтанды іздестіруге мықтап кірісті. Бір шаңырақтағы 12 ер баланың сегізін зұлмат заман, үшеуін аты өшкір соғыс жалмады. Тек әскерге жасы жетпей қалған Ізтұрған ғана аман қалып, 1980 жылға дейін өмір сүрді. Бірақ бауырлары жайлы еш дерек біле алмай кетті. Егер Берді ақсақалдың ұлдары тірі болғанда олардан қазір он екі рулы елге тең ұрпақ тарар еді-ау!...

Ербол ҚОШАҚАНОВ,

арнаулы тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521