73 жаста коньки теуіп, жүгіретін ақсақал

Зейнет демалысына қалған соң Алтас аға «Ұлағат» деген кітап жазады.

Алтас Ақтөрешұлы Бисенбаевты жылыойлықтар жақсы біледі. Талай жауапты қызметтерде, «Жылыоймұнайгаз» басқармасында ұзақ жыл еңбек еткен. Оңқай асықтай қағілез де ширақы, кіммен болса да тіл табысып кететін жұғымды мінезді, кішіпейіл де алғыр жан. Біз, «Кең Жылой» газетінің журналистері де Алтас ағамызды жақсы танитынбыз. Бірақ басқа қырынан... Алтас аға газетіміздің штаттан тыс тілшісі әрі белсенді оқырманы боп журналистермен тонның ішкі бауындай араласты. Басқармадағы жылт еткен жаңалықты хабарлап тұрды. Тіптен оны ұжымның бір мүшесіндей көретінбіз. Сөйтсек, ағамызды әлі де жете танымаған болып шықтық. Ол - ағамыздың спортшы екендігі.

Зейнет жасына шыққан соң Атырау қаласына қоныс аударған бір кездегі белсенді оқырман ағамызбен хабарласып тұратынбыз. Әңгіме арасында Алтас Ақтөрешұлының «Таңшолпан» бағдарламасына қонақ боп барғандығын білдік, ал жақында телекомпания қызметкерлері әлемді жайлаған коронавирус пандемиясына қатысты ағайдан арнайы сұхбат алуға өтініш білдіріпті. Енді « Япыр-ай, пандемияға телехабардың және Алтас ағайдың қандай қатысы бар?» деген заңды сұрақ туындайды ғой. Сөйтсек былай екен. Биыл 73 жастағы Алтас аға әуесқой спортпен шұғылданады. Спортпен шұғылданатын адамның денсаулығы мықты, иммунитеті жоғары болатыны, қандай ауру болса да Қобыланды батырдай жасанып шығып, қаһарлы ауруға ағза дейтін қамалды алдыртпай, дертті тас-талқан жеңетіні белгілі. Коронавирус жасы 65-тен асқан егде адамдарға аса қауіпті дегенді де оқып жүрміз. Ал Алтас аға тәрізді спортпен күнделікті айналысатын жандар қай жаста да шымыр да ширақы қалпында дерт атаулыны бұйым көрмейтіні білгілі. Хош, сонымен телекомпания журналистерінің Алтас ағадан сұхбат алмақ боп «айналдырып» жүруінің мәні осында екен.

Қыс айы. Алтас ағамыз таңғы сағат 6-да спорттық костюмін киіп ап, басына жеңіл тоқыма телпегі мен оның сыртынан музыка тыңдайтын құлаққап пен қолғабын жүре киіп үйінің подьезінен шықты. Кәсіби спортшылар секілді қолғап киген қолдарын ұрғылап, сәл жүгіре басып шығуынан-ақ спорттың бұл түрімен көптен беру шұғылданатын бірден байқауға болады. Аз-кем бой қыздыру жаттығуын жасаған соң үйреншікті соқпағына түсіп, жүгіре жөнелді. Жердегі таптаурын аппақ қар үстімен өзі тәрізді бірнеше жаяу жүгірушілер баяу желіп барады. Алтас аға жастары отыздың ожақ-бұжағындағы олардан озыңырап кетті. Кенет қолына микрофонын ұстаған тележурналист қыз кездесіп қап, жолшыбай тоқтатып сұхбат алмақ болған. Ағай бәйгеде тері енді қызған арғымақтай қасынан тоқтамай өте шықты. «Ағай, ағай» деп айқайлаған жап-жас тілші қыз жете алмай соңында қалып қойды да алқынған күйі телекөрермендерге желаяқ ағамызды таныстыра бастады. Бұл- бейнежазбадағы көрініс. Осы көрініске қарап күннің суығына қарамастан таңда тұрып жүгіруді әдетке айналдырған ақсақалға сүйсінесің. Ағамыздың мына жүгіргенінен денсаулық лебі есіп тұр.

Алтас ағаның қаламгерлік қасиеті туралы мақаламыздың басында жаздық. Зейнет демалысына қалған соң Алтас аға «Ұлағат» деген кітап жазады. Бұл ғұмырнамалық повесті әкесі, Ленин, Еңбек Қызыл ту, «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, атақты стахановшы мұнайшы Ақтөреш Аталықұлы Бисенбаевқа арнап жазған ( Атақты Ақтөреш мұнайшы туралы кезінде газетімізде жазғанбыз.Ред.). Осы кітапта Алтас аға өзі туралы былай депті: «...Біз де бала болып доп қудық, ләңгі ойнадық. Мектепте оқып жүргенде Құлсары қаласында өз қатарластарыммен бірге спортпен шұғылдандым. Әсіресе, жүгіру, стол теннисі, кір тасын көтеру, турникке тартылудан өзара жарыс ұйымдастырып жүретінбіз. Кейін соның бәрі пайдаға асты, бала кездегі жаттығулардың шымыр етіп шыңдағанын тағдыр талай сынға салған сәттерде шындап сезіндім».

Сегізінші сыныпты бітірген соң Алтас аға ауыл шаруашылығы техникумына құжаттарын тапсырып, түседі. Бірақ ауыл шаруашылығы маманы болуды маңдайына жазбапты. Оған спорт кедергі болады. Сол кездері Алтас аға 1500 және 800 метрге жүгіруден облыс чемпионы атанған болатын. Жаз мезгілінде облысаралық жарысқа қатысу үшін Шымкент қаласына кеткен. Ол қалада жүлделі орынға ие болған соң, одан әрі Алматыдағы республикалық жарысқа жөнелетін. Сөйтіп жүргенде айлап оқуға қатыса алмайтын. Қысқы турнир дегеніңіз тағы бар.

Осындай спортшы жігіт бір күні түпкілікті шешім қабылдаған. Бағытын 180 градусқа бұрып, «болашақта ауыл шаруашылығы емес өндірісте еңбек етемін» деді. Ақыры Алматы политехникалық институтына түседі. Кейін бұл шешіміне еш өкінген емес .Еңбек жолын Құлсарыдағы электр станциясында қатардағы қарапайым машинист боп бастаған Алтас аға, кейін аудандық партия комитетінде ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, Теңіз кенішіндегі «Монолитстрой» басқармасы бастығының орынбасары, «Теңімұнайгаз» бірлестігінің әлеуметтік сала бөлімі меңгерушісі, «Құлсарымұнайгаз» басқармасында еңбек етті. «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан мұнайына- 100 жыл» медальдарымен марапатталып, Елбасының Алғыс хатына ие болды. Қарапайымдылығы мен кішіпейілдігінің салдарынан жеткен жетістіктерін өзі араласып-құраласқан тілшілерге де айтқан емес. Айтпақшы, Алтас ағаның әлемге әйгілі атақты кинорижиссер Тимур Бекмағамбетовпен туыстығы бар екенін де біз кейін білдік.

Бала кезінен жанындағы серігі болған спортты шындап айналысатын шақ енді туғандай. Таңда тұрып алыс қашықтыққа жүгіру күнделікті дағдысына айналды. Айтпақшы тележурналист қыз жолшыбай тоқтатпақ болғанда, жанынан кідірмей өте шыққаннының да өз себебі бар екен. «Жүгіріп келе жатқанда тоқтауға болмайды. Егер кілт тоқтаса тыныс алу ырғағы бұзылады»,- деп түсіндіреді бұл қылығын Алтас аға журналист қызға. «Спортпен бала кезімізден айналысқан соң, дағдыға айналып кетті. Енді бұдан арылу қиын»,- дейді әзіл-шыны аралас Алтас аға.

Аға тек жүгірумен ғана айналыспайды, сондай-ақ мұз айдынында жұлдызша ағып, коньки тебетін де өнері бар. Шынын айту керек, көптеген жастар Алтас аға құсап мұз бетінде заулап коньки теппек түгілі, тағасыз аттай тайғанақ конькиді киіп тұра да алмайды. Ағай конькимен қатар шаңғы тебуді де жақсы меңгерген.

Алтас Ақтөрешұлы зайыбы Гүлжан апаймен екеуі 4 қыз бен 2 ұл өсірген өнегелі жанұя иелері. Ұл-қыздары жоғары білімді, беделді мамандар. Таңғы жүгіруден соң сүйікті жұбайының қасында, қылығы балдай немерелерінің ортасында шәй ішкенді ұнатады. «Ағаларың жастайынан спортпен айналысты. Сол спортқа әуестігін көріп, ұнаттым. Күн сайын қашықтыққа жүгіреді, коньки мен шаңғы тебеді. Осыны көріп мен де соңғы кезде жүгіріп көрсем қалай болады» деп ойланып жүрмін»,- дейді Гүлжан апа.

Жапонияда қарт кісілер өте бақытты. Оларға мемлекет аса қамқор, Күншығыс елінің қариялары спортпен шұғылданады. Сол себепті олар өте жас әрі сергек көрінеді. Қазақстанда да Алтас Ақтөрешұлы тәрізді шымыр да ширақ жандар аз емес. Таза ауада жаттығу жасап немесе жүгіріп, коньки теуіп жүрген ағайды да жетпіс үш жаста деп ешкім ойламасы анық. Оның бұл дағдысы басқа да қарияларға үлгі боларлық. Кит етсе «қан қысымы көбейіп кетті», «белім шойырылды», «аяғым қақсайды», «буыным ауырады» деп шағым айтып, бала-шаға, немеренің мазасын қашыратын үлкендер нақ осы Алтас ағамыздай қысқы таза ауада жүгіріп , мұз айдынында коньки тепсе ешқандай індет маңына жолай алмасы анық.

С.Тәжіқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521