30 жылдыққа – 30 шақырым

Қазақ елі тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «JYLYOIRUNCLUB» жетекшісі Әлібек Науаров пен клуб мүшесі Дулат Қалиев 30 шақырымдық жолды тоқтаусыз жүгіріп өтуге шешім қабылдады. Ол үшін Құлсары мен Ақкиізтоғай аралығындағы трассаны белгілеп, межелі жерді 3 сағат 15 минутта еңсерді. 

Әлібек Науаров - салауатты өмір салтын ұстанып, жастарды өз соңынан еруге насихаттап жүрген жігіттің бірі. Жалпы 2015 жылдан бері жүгірумен айналысады. Күнделікті жасаған жаттығуларын әлеуметтік желіде бөлісіп отырады.

«Спорт - денсаулық кепілі» дегенді өмірлік ұстанымы деп санайды.

-2018 жылдан бері 365 күн бойы таңертең жүгіремін. Қайда сапарға барсам да, жүгіру киімін өзіммен бірге алып барамын. Және міндетті түрде жүгіремін,- дейді ол.

Тәуелсіз елдің ұрпағы ретінде оны елден алуды емес, елге не бере аламын деген ой жиі мазалайды екен. Сол себепті ел Тәуелсіздігінің дүбірлі тойында өзгелер секілді алып қалуды емес, керісінше беруді ғана көздеген клуб жетекшісі 30 жылдыққа - 30 шақырымды жүгіріп өтемін деп үш ай бұрын батыл шешім қабылдаған екен.

-Мен әрдайым еліме не істей аламын деген ұстаныммен өмір сүріп келемін. Екі қолымнан іс келгендей, дәл солай екі аяғымнан жүгіру де келеді. Сол үшін егеменді елімнің ұлық мерекесіне орай 30 шақырымды бағындырамын деп шешкенмін. Бүгін сол мақсатымның жүзеге асқанына аса қуаныштымын,-дейді Әлібек Науаров

Ұлттық мерекеге өзінің сый құрметі, Тәуелсіздікке тартуы ретінде жасаған батыл әрекетін барлық қазақ еліне эстафета ретінде жолдады. 30 шақырымдық марафонды жекелей немесе эстафеталық түрде жүгіріп өтуге шақырды.

Айта кетейік, Әлібек Науаров осыған дейін 2018 жылдың 14 қазанында Марат Шәріпұлының алыс қашыққа жүгіру марафонын қабылдап, 31 шақырымды еңсерген болатын.

А. ЖҰМАБЕРГЕНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT