«Теңізшевройл» ЖШС-нің Жылыой ауданын дамыту бағдарламасы аясында жылыойлық 30 оқушы Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университетінің базасында ұйымдастырылған жазғы лагерьге аттанды. Онда оқушылар ағылшын тілін оқып меңгеріп, «Python» бағдарламалау тілі мен робототехниканы үйренеді. 12-16 жас аралығындағы 30 жасөспірім Алматыға алғашқы лекпен 14 шілдеде барса, тамыз айында екінші лекпен тағы 30 оқушы аттанады. Олар Алматы облысы, Талғар ауданы «Іле-Алатау» ұлттық паркіндегі жазғы лагерьде және ағылшын тілін тереңдетіп оқып, сұранысқа ие пәндерді оқып жатыр.
Осы мүмкіндікке ие болған аудандағы №4 мектептің оқушысы Ақтілек Бегей жазғы демалыс пен білімді ұштастыратынына қуанышты екенін айтады:
- Біз Алматы қаласында демалып әрі білім алудамыз. Мен бұрын-соңды Алматыға бармақ түгілі, ұшаққа мініп көрген емеспін. Осындай мүмкіндікке ие болғанымызға қуаныштымыз. Сол себепті «Теңізшевройл» компаниясына алғысымды білдіргім келеді. Әрине, бұл лагерь менің есімде мәңгі қалады,- дейді Ақтілек.
Көпбалалы ана Жадыра Таласованың айтуынша, жазғы уақытта балаларын өз қаражатына апарып келуге мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан ТШО компаниясы арқылы баласы екі апта Алматыда тегін демалады деген жаңалықты естігенде, қатты қуанған.
- Компания барлық шығынды мойнына алды. Балаларымыз жазғы уақыттарын лагерьде керемет өткізіп жатыр. Өте қатты қуаныштымын. Балалар демалып қана қоймай, жан-жақты білім алып келеді. Күзде сабаққа барғанда осы демалысты достарына айтып, қуанып жүретін болады,- дейді ана.
Табиғаты әсем жерде орналасқан лагерьде температурасы бақыланатын бассейн, аспалы парк, планетарий мен обсерватория, ойын және спорт алаңдары, түрлі үйірме клубтары мен сауықтыру кешендері, ипподром орналасқан. Осының барлығы жылыойлық балаларға қолжетімді. Қолайлы ауа райы кезінде барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, тәжірибелі ұшқыштардың көмегімен әуе шарымен ұшып, квадрациклмен серуендеу де жоспарланып отыр. Сондай-ақ балалардың тағамдары жоғары сұрыптаудан өткен.
- Қазақта «Берсең, балаға бер» деген жақсы сөз бар. Осы саяхаттың арқасында жылыойлық мектеп оқушылары жазғы демалыстарын пайдалы өткізіп, жаңа білім алады деп сенемін. Біз балалар мен олардың ата-аналары үшін өте қуаныштымыз. Және менің ойымша, биылғы жаз олардың есінде ұзақ сақталады. Бұл сапардың Жылыой ауданын дамыту бағдарламасы аясында ұйымдастырылғанын ерекше атап өткім келеді. Оның аясында біз ауданда STEAM-зертханасын аштық. биыл күзде де жылыойлық балалар Астанада робототехникадан өтетін жарысқа барады,- деді ТШО Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Дәрмен Аронов.
Айта кету керек, биыл «Теңізшевройл» компаниясының 30 жылдық мерейтойы. Осы жылдар ішінде компания бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асырды. Құлсары қаласында 3000 орындық орталық стадион салынып, халыққа қуаныш сыйлады. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандардың игілігіне арнайы құрал-жабдықтар мен инватакси берілді. Спортпен шұғылдануға және би билеуге арналған арбаларды сыйға тартты.
Перизат ҚИЗАТОВА