2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап кірістер мен мүлік туралы декларациясында (270.00-нысан) көрсетілетін ақпарат тізбесі қысқартылды.
Нақтырақ айтқанда, төлем көзінен салық салынатын кірістерді (жалақы, депозиттер бойынша сыйақылар, зейнетақы төлемдері және т.б.) және Қазақстанда тіркелген мүлікті сатып алу, иеліктен шығару немесе өтеусіз алу туралы ақпаратты көрсету қажеттілігі алынып тасталды. Сонымен қатар, 270.00-нысан декларациясында мүлікті сатып алуға арналған шығыстарды жабу көздері туралы мәліметтерді көрсету жөніндегі міндет, Қазақстан Республикасының "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңында көрсетілген жеке тұлғаларға ғана жүктелген. Атап айтқанда:
- жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары;
- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар мен олардың жұбайлары;
- лауазымды адамдар мен олардың жұбайлары;
- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары.
Қазіргі уақытта, аталған декларацияға және оны жасау қағидаларына өзгерістер енгізілуде. Бұл 270-нысан бекітілгеннен кейін Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерінде іске асырылатын болады.
Сонымен қатар, кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыру мерзімінің басталуына байланысты азаматтар қолданыстағы 270.00 нысанмен де тапсыруға құқылы. Егер, 2024 жылы кірістер мен мүлік туралы декларациясы қолданыстағы нысан бойынша ұсынылса және декларацияға "қабылданды" және "таратылды" мәртебесі берілсе, онда жаңа 270.00 нысанмен декларацияны қайта тапсырудың қажеті жоқ екенін білу маңызды.
Бірінші, екінші кезеңде–Активтер мен міндеттемелер туралы декларация (250.00-нысан) тапсырған декларанттар кейіннен жыл сайын 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап кірістер мен мүлік туралы Декларацияны (270.00-нысан) ұсынады.
Аудан бойынша биылғы жылы 11 954 салық төлеуші 270.00 салық декларациясын табыстауы қажет. Қазіргі таңда 10 056 адам салық есептілігін тапсырды. Қалған азаматтар декларацияны тұрғылықты тіркелген жері бойынша 2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей ұсынуы керек.
Кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00-нысан) тұрғылықты жері бойынша салық органына қағаз жүзінде және "Салық төлеушінің кабинеті" (cabinet.salyk.kz), "электрондық үкімет" порталы (egov.kz) арқылы және «e-Salyq Azamat», «eGov mobile» мобильді қосымшаларымен электронды түрде тапсыруға болады.
Н.Серікқызы,
Жылыой ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы