«Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі халыққа арнаған Жолдауда да ерекше атап өтті. Ол техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет екенін айтып, сол арқылы қоғамдағы еңбекқор мамандардың санын арттыру мәселесіне тоқталды. Әрине, Мемлекет басшысының бұл сөзі студенттерге кәсіби білім беріп отырған біздің колледж үшін, ондағы білім алып жатқан жастар үшін рухани бағдар болды десем қателеспеймін.
Жолдауда: «Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам» деп атап өтілді.
Расында да жастарға кәсіптік білім беру, оларды жұмысшы мамандықтарына даярлау, мамандарды қайта оқыту және олардың біліктілігін көтеру – мемлекетіміздің білім беру саясатының негізгі бағытының бірі. Ел экономикасының қуаты кәсіптік білім беру жүйесінің өндіріс орындарын білікті жұмысшылармен жеткілікті қамтамасыз етуіне тікелей тәуелді. Маман даярлау жалпы білім беру базасы негізінде кәсіптік колледждерде жүзеге асырылады.
Жаһандану мен индустрияландыру жағдайында сапалы жұмысшы кадрларды даярлау – біздің де негізгі міндетіміздің бірі. Сондықтан колледжмізден кәсіби білім алып, болашаққа қанат қағып түлеп ұшқан әрбір болашақ маманнның ел үшін адал қызмет жасайтынына сенемін.
Адал еңбекпен адал табысқа жететін жұмысшы мамандар қашан да қоғамда көпке үлгі болмақ.
Марат Ибраев,
С.Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжінің директоры