Екінші дүниежүзілік соғыс Өтеповтер әулетінің тек бір ғана арысынан айырған жоқ.
Иә, бұғанасы бекіп, буыны қатаймай жатып қолына қару алып, өз еркімен Отанын зұлым жаудан қорғауға аттанған сол кездегі жасөспірім бозбала Құтқожа Өтеповтің өмір-дерегімен таныса отырып, кең байтақ даламызды найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған батыр бабаларымыздың ерлігі еріксіз есіме түсті. «Батыр болар балаңды тұлғасынан танисың» деп Кенен ақын жырлағандай, расында да «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманында Райымбек сынды қазақтың батырлары 15-16 жасында атқа қонып, ұрандап жауға шапты емес пе?! Жылыойлық Құтқожа Өтепұлының ерлігі сол баһадүр бабалардың батырлығынан бірде кем емес. Қазақ деген қайсар халықтың нағыз намысшыл ұлы осындай болса керек!
Редакциямызға келген Ідіріс Өтепов есімді азамат біз әңгіме өзегіне айналдырған жылыойлық жауынгер Құтқожа Өтеповтің інісі Балғожаның баласы екен. Оның айтуынша, өзінің ата-тегі Жылыойдың қазіргі Прорва маңында қоныс тепкен, бабаларының бейіті де сол жерде. Арғы атасы Аязбай елге белгілі би болса, оның ұлы Өтеп Қазан төңкерісіне дейін молда болып, бала оқытып, Кеңес өкіметі орнаған соң ауылдық кеңесте басшылық қызмет атқарыпты. Голощекиннің «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен жасаған «Кіші Октябрь» төңкерісі кезінде қара халыққа жаны ашыған ол бірқатар кедейлердің малын қайтарып беруге көмектескен көрінеді. Соның бірі - Атақозы деген ақсақал. Өле-өлгенше Аязбайдың ұлы Өтептің жасаған жақсылығын жағы түскенше аузынан тастамай өтіпті. Біраз отбасын аштықтан аман алып қалған оның өзі де кедей тірлік кешпеген.
Осындай асыл текті азаматтың сынығы Құтқожа да бала кезінен көкірегі ояу болып ержетеді. Алдындағы ел ағалары Отан үшін опат болып жатқанда қызуқанды, намысшыл жас бала ауылда қарап жата алмайды. Соғыс өрті өршіп тұрған 1942 жылы өзі сұранып әскери комиссариатқа барады. Бірақ 1926 жылы туған оның әскер қатарына жасы жетпейді де, кері қайтарылады. Алған бетінен қайтпаған 16-дағы жасөспірім енді ауылдың үлкендеріне қайта-қайта қолқа салады. Талапты жастың тауын қайтарғысы келмеген ақсақалдар жиналып военкомға оның жасын өсіріп көрсетеді. Ақыры мақсатына жеткен Құтқожа сол жылы немере ағасы Нұрғожа Махутұлының артынан қан майданға аттанады. Елде анасы Жанша, апасы Қадиша, қарындасы Злиха мен інісі Балқожа үлкен бауырларының амандығын тілеп қала береді.
Ідіріс Өтеповтің айтуынша, жас жауынгер Құтқожа Өтеповтен соңғы рет 1945 жылдың басында хат келеді. Оны оқыған анасы мен бауырлары жау ұясында талқандалып, Жеңіс сағаты соққаннан кейін де оны келер деп ұзақ күтеді. Бірақ еш хабар болмайды. Ұлын өлдіге қимаған ана жүрегі езіліп, перзентін 35 жыл бойына сарғая күтіп, ақыры 1977 жылы дүние салады.
Арада 70 жылға тарта уақыт өткеннен кейін барып ақиқаттың беті ашылады. Аталарын іздеуден жалықпаған Ідіріс бастаған артындағы ұрпақтары аудандық қорғаныс істері бөлімінің табалдырығын тоздырып, Ресейдің Подольск қаласына дейін хат жазады. Ол жақтағылар соғыста қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен кеңес жауынгерлерінің деректері енгізілген «Подвиг народа», «Память народа» және «ОБД Мемориал» секілді сайттардан іздестіру керектігін айтып, жауап қайтарады. Тынбай іздестіру ақыры өз нәтижесін де береді. Інісінің баласы Медет Аманқұловпен бірге Ідіріс Өтепов аталған сайттан, ең алдымен, атасы Құтқожа Өтеповтың ерлікпен қаза тапқанын хабарлаған «қара қағазды» тауып алады. Онда жылыойлық жауынгердің ауыр жараланып, Латвия еліндегі әскери госпитальда қайтыс болғаны және жерленген жері де толық жазылған екен.
-Менің болжауымша, 1944 жылдың тамызында жолданған бұл хабарлама сол кездегі Гурьевтің, тіпті ауданның әскери комиссариатына келген болуы керек. Ол кезде әжеміз шаруашылықтың ыңғайына қарай отбасымен көшіп-қонып жүрген еді. Оның үстіне, «с.Прорвинская» деп дұрыс жазылғанымен аудан аты үстінен қайта-қайта боялып, ал анасының аты анық жазылмаған. Сол себепті «қара қағаз» иесіне жетпей қалған деп есептеймін, - дейді Ідіріс Балқожаұлы.
Құтқожа атасының қаза тапқаны туралы деректі білгеннен кейін артындағы ұрпақтары әрмен қарай қазбалауға кіріседі. Көп ұзамай «ОБД Мемориал» сайтынан оның жүріп өткен жауынгерлік жолы жайлы картаны да табады. Ондағы деректен жылыойлық Құтқожа Өтеповтің 319-атқыштар дивизиясының құрамындағы 344-атқыштар полкінің снайпер-мергені болғаны, жорығын алғаш 1942 жылы Сталинград түбіндегі ауыр шайқастардан бастағанын көреміз. Одан кейін Украина жерін азат етуге қатысып, Псков бағытындағы шайқастарға кіріп, кейін кері Украинадан Польша жеріне дейін барған. Өкінішке орай, бұл тек 1943 жылдың 12 қыркүйегіне дейінгі жүріп өткен жолы еді. Ал госпитальда көз жұмған 1944 жылдың тамызы аралығында оның қайда болғаны белгісіз күйінде қалған.
Сол белгісіз жылдың жұмбағын шешу үшін іздестіру жұмыстарын жалғастырған Өтеповтер әулеті сайт арқылы аталарының «За отвагу» медалімен марапатталғанын анықтайды. Онда «Утепов Куткуж 1922 г.р. Звание: красноармеец в РККА с 10.08.1942 года. Место призыва: Жилокосинский РВК, Казахская ССР, Гурьевская обл., Жилокосинский р-н» деп жазылған екен. Осыдан-ақ жылыойлық жас бозбала жігіттің Отанын қорғау үшін өзін қанша жасқа ересек етіп көрсеткенін көреміз. Наградаға ұсынған қағазында жерлесіміздің майдан даласында көрсеткен ерлігі де тайға таңба басқандай анық жазылған: «За то, что он находясь в обороне, участвуя в снайперском движений смело приближался к противнику и огнем снайперской винтовки выбыл из строя 7 солдат противника. А боях с немецкими захватчиками имеет одно ранение» - делінген. Бір рет жаралы болса да, жаудан тайсалмай алдыңғы шебіне жақын барып, жеті фашистті жер жастандырғаны көзсіз ерлік емей, немене?! Бұл, әрине, бір ұрыс кезінде ғана көзге түскен мергендігі. Ал екі жыл ішіндегі жауынгерлік жорығында жерлесіміз қаншама фрицтің ажал оғы болып атылды десеңізші?! Ол кезде Құтқожа Өтепов шын мәнінде 18-ге де толмаған бозбала-батыр еді.
-Әжемнің көзі тірісінде айтқан әңгімесінен білгенім: Құтқожа атаммен ауылымыздың бір азаматы әскери госпитальда бірге жатып емделген екен. Оны тірілей көріп-білген әлгі кісінің сөзіне қарағанда, атам осыған дейін де бірнеше рет жарақат алса керек. Сонда ауылдасы ретінде жаны ашып: «Інім, жарақатың жеңіл емес екен, оның үстіне госпитальға да қайта-қайта түсіпсің, енді сау тұрғаныңда елге қайт!» - деп ағалық ақылын айтыпты. Бірақ жалындап тұрған жас жігіт оны тыңдай қоймапты. «Мен жауды ұясында талқандап, Берлинге дейін жетуім керек!» - деп бұл жолы да жарақаты толық жазылмай, майданға сұранып, госпитальдан шығып кетіпті, - деді немересі.
Бұл қай жылы екені белгісіз, оны айтқан ауылдасының да есімін Ідіріс ағамыз қазір ұмытып қалған. Құтқожа Өтепов туралы содан кейінгі дерек бұрынғы Латвия ССР-нің, Двинск уезіндегі, Рудзетка болысының Рудзетка елді мекенінің оңтүстік бөлігінен табылып отыр. «Қара қағазда» жерлесіміздің сол жерге қастерлеп жерленгені көрсетілген екен. Ендігі мақсат: Латвия еліндегі атасының жатқан жеріне барып, дұға етіп қайту. Бірақ оған қашан жол түсері белгісіз.
Екінші дүниежүзілік соғыс Өтеповтер әулетінің тек бір ғана арысынан айырған жоқ. Құтқожадан бұрын майданға аттанған Нұрғожа Махутұлы да Отан үшін опат болды. Ең өкініштісі сол, оның жатқан жері әлі де беймәлім. Ол кісі туралы да Ідіріс ағай әжесінен біраз әңгіме есіткен. Соның бірінде атасының жараланып орнынан тұра алмай жатқанын ауылдың бір жігіті көріпті. Соның айтуынша, бораған оқ пен оттың ортасында жаралыларды жан ұшыра ат арбаға тасып жүрген санитар қыз Нұрғожаға келгенде немістер тым жақын қалып, тастап кетуіне тура келіпті. «Фашистер атып тастамаса, ол тірі болуы керек» - деп есіне алыпты кейін ауылға жарасы жазылып аман келген әлгі куәгер жігіт.
16 жасында Отан үшін отқа түскен жылыойлық жас жауынгердің ерлікке толы жолы, міне, осындай. Ғаламтордағы сайттардың сырын жақсы білетін жан болса, құралайды көзге атқан мерген Құтқожа Өтепов туралы тың деректер табылып қалар. Әрине, ол алдағы уақыт еншісінде.
Ербол Қошақанов,
арнаулы тілшіміз