13 кәріз сорғы стансасы жаңартылып жатыр

Кезінде «Теңіз мұнайының астанасы» атанған Құлсары қаласының атына заты сай болуы үшін соңғы жылдары көптеген жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Әсіресе, тазалық мәселесі – басты назарда.

Әрине, тазалық дегеніміз – қаланы лас, қоқыстан арылту ғана емес. Оның астарында кәрізден ағатын лас суларды дер кезінде ағызып әкету жұмыстары да тұр. Кәріз жүйесі жұмыс жасамай көше «көл» болып жатса, несі тазалық?! Сондықтан бұл бағытта да бірқатар іс-шаралар жоспары бекітіліп, нақты жұмыстар қолға алынып келеді. Соңғы кезде Құлсарыдағы кәріз сорғы станцияларының жаңартыла бастауы – соның айғағы.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Саян Баселовтың хабарлауынша, қазіргі таңда қалада 17 кәріз сорғы станциясы бар. Бүгінде олардың көпшілігі күрделі жөндеуді қажет етеді. Сол себепті олардың қызмет сапасын жақсарту мақсатында аудандық әкімдік арнайы «тендер» жариялап, жеңімпаз мекемені анықтады.

Нәтижесінде «Еламан Ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер ретінде іске кірісіп, оның 13-іне күрделі жөндеу жұмыстарын бастап та кетті. Жақында аудан әкімі Жұмабек Қаражанов жасалып жатқан жұмыстардың сапасын бақылау мақсатында кәріз сорғы станцияларын аралап шықты. Тыңғылықты басталған істің тындырымды болуы үшін сын-ескертпелерін беріп, нақты тапсырмалар жүктеді. Жаңарту жұмыстары келер жылдың ІІІ тоқсанында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Е.ЕСЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521