100 отбасына сертификат табыстады

ken-zhyloi.kz

Алғыс айту күнінде аудан әкімдігінің ұсынысына сәйкес «ССЕР» ЖШС компаниясы аудандағы аз қамтылған және көпбалалы отбасылырға қайырымдылық көмек көрсетті. Жылыой аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерді тіркеу бөлімінің ұйымдастыруымен, берілген тізімге сай барлығы 100 отбасына он мың теңгелік сертификатты табыс етті.

Енді тұрғындар ақшалай сертификаттың көмегімен қаладағы супермаркеттердің бірінен қажетті азық-түлікті сатып алатын болады. Бұл – серіктестіктің жасап отырған қайырымдылық шарасының алғашқысы емес. Біздің мекеме қай өңірдің халқы болмасын, үнемі қол ұшын созуға дайын – дейді компания өкілі Орақ Бисенбиев.

- Бүгін мұқтаж жандарға қайырымдылық көмек көрсету үшін Жылыойға арнайы келген жайым бар. Жалпы, «ССЕР» ЖШС – араб елінің жекеменшік компаниясы. 2014 жылдан бастап «Теңізшевройл» ЖШС-нің үшінші буын зауытының құрылысын салушы компаниялардың бірі. Зауыттың негізгі жобасы қазіргі таңда аяқталды. Сол жобада 12 мыңға жуық адам жұмыс істеді. Ал қазір 2 мыңға тарта жұмысшымыз бар. Біздің компанияның ең бір үлгі тұтар ерекшелігі өздері бірлесіп жұмыс істейтін қай өңірдің халқын болмасын бөліп-жармай, көмек көрсетуді әдетке айналдырған. Сол қайырымдылық шарасының жалғасы осы мерекеге тұспа-тұс келіп тұр екен. Дәл қазіргі сәтте жылыойлық 100 отбасыға 10 мың теңгелік сертификатты әкеліп, жасақталған тізімдегі адамдарға табыс етіп жатқан жайым бар. Мейлі, беріліп жатқан көмектің мөлшері біреуге аз болар, біреуге көп болар. Бастысы, көңіл, ниет, жақсылықтың бастамашысы болу деп білемін, –деді серіктестіктің атқарушы директоры О.Бисенбиев.

Қайырымдылық шарасы кезінде аталған компанияның атқарушы директоры тұрғындарға ақшалай сертификатты табыстап қана қоймай, өзінің ақ тілегін де жеткізді. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы Нұржарық Сауытов та жан семіртер, жылы сөздерімен мұқтаж жандардың көңілін марқайтты. Ал тұрғындар болса, көрсетілген көмекке риза болып, алғыстарын білдірді.

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521