Бүгін - бір-бірімізге құрмет көрсететін күн! Бүгін - шын ниетпен алғыс айту күні!
Дәл осы күні елімізде тату-тәтті тұрып жатқан 130-дан аса ұлт пен ұлыс өкілі бір-бірін бауырына қысып, ақ ниетпен алғыс айтады. Бұл күні тағдыр табыстырған қаны мен жаны бөлек болғанымен, елі мен жері бір ниеттес бауырлар бір-біріне шынайы құрметін білдіреді. Шараға аудан тұрғындары, Қазақстан Халқы Ассамблеясының өкілдері, аудан ардагерлері қатысты. Жылыой ауданының әкімі Х.Жамалов өз кезегінде:
Ардақты ағайын, құрметті жерлестер! Сіздерді келіп жеткен 1 наурыз – Алғыс айту күнімен құттықтаймын! Алғыс айту күні ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Бұл мереке тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай халқына деген терең тағзымның белгісі. 1 наурыз – Алғыс айту күні түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Сондай-ақ бұл күн ел бірлігін бекемдеумен қатар, тұғырлы татулығымыз бен ырысты ынтымағымызды жаңа белеске жетелейді. Айтулы күн жақсылықты бағалай білуге, әр іске жақсылықпен жауап қайтаруға, өзара сыйластық пен құрметке бастайды. Кең пейілді қазақ халқы қашанда әрбір игі іске ризашылығын білдіріп, алғыс айтып отырған. Осындай құндылықтардың қадіріне жете білген елдің қашанда келешегі кемел болары анық. Ендеше, көңілді жадырататын жақсылық істеріміз бен айтар алғысымыз көп болсын. Сіздерді елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенім мен барша қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған айтулы мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ - береке тілеймін! – деген тілегін білдірді.
Шара барысында 1 наурыз - Алғыс айту күніне орай ауданымыздың қоғамдық-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосқан жүрген азаматтар Жылыой ауданы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.