1-4 сынып оқушылары шахматты факультатив пән ретінде өтеді – федерация

Қазақстан мектептерінің оқу бағдарламасына шахмат ойыны факультативті пән ретінде енгізілмек. Аталған жаңашылдық бүгінде бірнеше өңірде пилоттық жоба ретінде іске асып жатыр. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз өткен жылы маусымда «Мектептегі шахмат» жобасын қолға алған болатынбыз. Мемлекет басшысымен шахматты мектеп бағдарламасына факультативтік пән ретінде енгізу туралы келістік. Біз 1- 4 сыныптардан бастағымыз келіп отыр, әрине қиынға соғады. Себебі ол нақты әрі тексерілген дайындықты қажет етеді. Дайындық барысында біз ішкі сарапшылар тобын жұмылдырдық. Сонымен қатар осы күндері шахматтан Астанада өтіп жатқан әлем чемпионаты аясында АҚШ, Еуропа елдері, посткеңесті және Оңтүстік-Шығыс Азия сияқты бірқатар елдердің сарапшыларының қатысуымен халықаралық конференция өткіздік», – деді Дәрмен Сәдуақасов орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, шахматты мектеп бағдарламасына енгізу жұмысына білім саласының мамандары мен мектеп, жоғары оқу орындарының оқытушылары тартылды. Олар халықаралық тәжірибені назарға алды.

«Елімізде шахмат ойынын дамыту мақсатында федерацияның алдында тұрған бірқатар қосалқы міндеттер бар. Жалпы шахматты мектепке енгізу пилоттық жоба ретінде Павлодар облысы, Шымкент қаласы және Түркістан облысында жүзеге асып жатыр. Бүгінде жалпы саны 30-дан астам мектепте енгізілген. 3 жыл бойғы апробация барысында шахматтың балалардың үлгерімі мен қабілетін дамытуда оң нәтижені байқадық. Ол бойынша араптамалық қорытынды жасалды. Барлық ғылыми тәсілдер бойынша шахматтың баланың дамуына оң әсер ететіндігі дәлелденді», – дейді ол. Мектеп оқушыларына шахмат үйрету орыс және қазақ тілдерінде өтеді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT