Биыл 1986 жылғы әйгілі желтоқсан оқиғасының орын алғанына да 35 жыл толады. Қызыл империяның шаңырағын шайқалтып, іргесін сөгуге себепші болған қазақ жастарының мұзға жаққан алауының ұшқыны КСРО-ның өзге Республикаларының намысын оятып, жігерін жаныды. Өз елінде «Маскүнем», «Нашақор» деген жалған жаланың құрбаны болған қыз-жігіттердің ерлігі сол кездің өзінде-ақ шет елдерде лайықты бағасын алып жатты. Өйткені Алматы қаласындағы бұрынғы Брежнев алаңындағы жастардың толқуына шет мемлекеттен келген журналистер мен туристер, студенттер де куә болған-ды. Оны сол желтоқсан оқиғасы кезінде алаңда жүрген құлсарылық Бақтыбай Нұржаон та растайды.
Бақтыбай Баймұратұлы ол кезде Алматы қаласындағы зооветеринариялық институтының 2-курсында мал дәрігері мамандығы бойынша білім алып жатқан еді Желтоқсанның 17-сі күні таң елең-алаңда алғашқылардың бірі болып алаңға барыпты.
-Бір күн бұрын біз институттағы сабағымызға келгенде дәріс беріп жатқан оқытушы ағайдан Қонаевтың орнынан түсіп қалғаны туралы хабарды есіттік. Кейін Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып Колбин деген белгісіз біреудің тағайындалғанын, оның облыстық деңгейдегі басшы екенін естідік. Бұл жағымсыз жаңалық студенттер арасында реніш туғызды. Лекция үстінде де, үзіліс кезінде де жастардың арасындағы барлық әңгіме осы жайында. Студенттер бірте-бірте сабақты тастап, жатақханаға жиналып, әр жерде шағын жиындар өткізіп, мәселені қызу талқылауға кірісті. Бұл аралықта қас қарайып, көптеген жастар түн жарымына дейін көз ілмеді,
Оның айтуынша, зооветеринариялық институтының жігіттері алаңға алғаш барғандардың қатарынан. Таңертеңгілікте Үкімет үйінің алдындағы алаңның мінбер жақ бетінде жиналған қазақ жастарының қарасы 300-400-ге жеткен екен. Әсіресе С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенттері арнайы дайындықпен келген. Олар қолдарына «Әрбір республикаға – өз көсемі», «Ешқандай ұлтқа ешқандай артықшылық болмасын», «Қазақстан жасасын!» деген секілді ұрандар ұстап шыққан. Шеруді көрген соң ол жерге республикалық БАҚ журналистері, бірте-бірте тәртіп сақшылары да жинала бастайды. Алаңдағы барлық жайт телекамералар мен фотосуреттерге түсіріледі. Милиция қызметкерлері жастардан тарауды талап етеді. Алайда намыс буған қазақтар олардың сөзін елең қылмады. Биліктен Орталық комитетте болып жатқан жағдайға байланысты түсінік беруін сұрады. Өкінішке орай, жастардың заңды талабына ешкім де құлақ аспады.
-Бас прокуратурадан келген Басаров деген біреу дауыс күшейткіш арқылы айқайлап, егер тарамаса күш қолданатындығын хабарлап, одан бетер жастардың ашу-ызасын туғызды. Содан кейін алаңда алғашқы қақтығыстар да орын ала бастады. Соның бірі ішкі істер органының жасақтары мен ҚазМУ-дың студенттерінің арасында болды. Әскерилер жастардың қолындағы ұран жазылған парақшаларды тартып алуға тырысқан. Бірақ қарсылыққа тап болса керек. Осыдан кейін жағдайдың ушығып келе жатқанын түсінген Мәскеудегі «орталық» алаңға әскерилерді жіберіп, толқуды басып-жаншу үшін «Метель» деген операциясын бастаған.
-Біздің топ түстен кейін Ленин даңғылы арқылы төмен түсіп, жолшыбай бір кафеге ауқаттануға кірдік. Өйткені таң атқалы нәр татпаған едік. Ас ішіп кері шыққанда көшенің бойымен алаңға ағылып жатқан жастар шоғырының әлі үзілмегенін көрдік. Осыдан-ақ Желтоқсан оқиғасының алғашқы күнінде—ақ жиналған қазақтардың қаншалықты көп болғанын аңғару қиын емес. Сол кездің өзінде жұрт алаңға сыймай жақын көшелерде өріп жүрді,- дейді Бәкең.
Кешкісін жатақханаға кері оралған зооветеринариялық институттың студенттері теледидар мен радиодан алаңға шыққан жастарды - өздерін «маскүнем», «нашақор» деп айыптағанын естиді.
-Бір таң қалғанымыз, Алматы қаласындағы жастардың толқуы туралы хабар сол сағаттардың ішінде шетелдегі радиолардан хабарланып жатты. Олай дейтінім, бізбен бірге шетелдік жастар да білім алып, біздің жатақханадағы қазақ жігіттерімен бір бөлмеде бірге тұратын-ды. Мәселен, жерлесіміз Мұрат Мұқановпен Эфиопия елінің, ал Боранбай Алпысбаев Йемен Республикасының азаматымен бөлмелес болатын. Шетелге ақпараттың барлығы Алматы қаласындағы шетелдік журналистер арқылы тарады деп ойлаймын, - дейді Б.Нұржанов.
Келесі күні студенттер жатақхананың есігінен емес, балконы мен терезесінен секіріп шығып алаңға аттанады. Себебі оқытушылар оларға шығуға тыйым салған еді. Бұл уақытта жиналған жастардың қарасы кешегі күннен де көп болды. Бақтыбай сол күні алаңнан өзінің жерлестері Айтбай Елемесов пен Телман Тәжікеевтерді кездестіреді. Алаң әскерлермен толық қоршауға алынған еді. Сапер күректермен, қолшоқпармен қаруланған жасақтар жастарға қарай лап қояды.
-Мен сол кезде қазақ қыздарының қайсарлығына қайран қалдым. Әсіресе, қаланың орысша сөйлейтін бойжеткендері нағыз ұлтжанды екендігін көрсетті. Алаңдағы айқаста жігіттермен бірдей шайқасып, қарулы жасақтарға қасқайып қарсы тұрды. Мәселен, арпалыс үстінде екі қыздың анадай жерде құлап жатқан жас жігітті тұрғыза алмай жатқанын көзім шалды. Бір мезетте оларға қарай қолына «дубинкасын» ұстаған біреу тұра ұмтылды. Оны көрген әлгі қыздың біреуі тайсалған жоқ, керісінше айқайлап қарулы сарбазға қарсы шапты. Бірақ қарулы ер адам қоя ма, нәзік жанды қолшоқпармен ұрып сұлатып салды. Қас пен көздің арасында орын алған осы бір сұмдық көрініс әлі күнге көз алдымнан кетпейді... – дейді Желтоқсанның куәгері.
Қарулы жасақ пен әскерилер тықсырған жастар бытырап жан-жаққа қашты. Бақтыбайлар да сытылып шығады да, жатақханаға аман жетеді. Ертесіне ойраны шығып жатқан көшелер, Брежнев алаңы мен оның маңы тегіс мұнтаздай тазартылды. Төгілген қан, шашылған киім-кешек, сынған ағаш бұталары мен көлік терезелерінің сынықтары, ағаш таяқтар, темір-терсектер, тағы да басқа бүлінген заттардың барлығы жинап әкетілген. Бейне орталық алаң мен басты көшелерде 17-18 желтоқсан күндері еш нәрсе болмағандай...
-Оқиғадан кейін институтта бірнеше күн бойына сабақ өткізілмеді. Тексерулер, тінту, аңду, жастарды қаралаған жиналыстар, қудалаулар басталды. Көптеген студенттер аяқ астынан жоғалып кетіп, кейін пайда болып жатты. Сөйтсек фото-бейнебаянға түсіп қалып, құқық қорғау органдарының бірнеше күн тергеп-тексеруінде болған екен. Сондай тергеулерден кейін мен білетін қызылордалық Ерлан Бисенбаев деген курстасымыз 8 жылға сотталып кетті. Абырой болғанда, екі жылдан соң ақталып шықты. Ал қарақалпақстандық Роза Ходжалепесова деген
қыз Желтоқсан оқиғасы болған күні сауда үйіне кіріп-шығып келе жатқан жерінен милиция жасағына ұсталып қалған. Сол үшін оқудан шығарылды. Осы тектес жазықсыз жаланың құрбаны болған жастар жетерлік, - дейді Б.Нұржанов.
1990 жылы оқуын мал дәрігері мамандығы бойынша ойдағыдай бітірген Бақтыбай Нұржанов бүгінде ауданымызда қызмет атқарып келеді. Қазір аудандық ветеринарлық станция директорының орынбасары. Жұбайы Бақытгүлмен бірге ұл-қыз өсіріп, немере-жиен сүйіп отыр. Сол бір ызғарлы 1986 жылдың желтоқсанында жастардың мұзға жаққан алауымен бірге атқан Тәуелсіздік таңының арайлы, бейбіт өмірдің баянды болғанын тілейді.
Е.ҚОШАҚАНОВ