МАХАМБЕТ ДОСМҰХАМБЕТОВ ЖАПОНИЯ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ

«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямадамен кездесті»,- деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесуде екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру мен инвестиция тарту туралы әңгіме қозғалды.


«Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері екі ел арасында жылы және достық қарым-қатынас қалыптасты. Сондай-ақ болашақта да өзара тиімді ынтымақтастықтың күшейе түсетініне сенемін. Атырау облысының әлеуеті зор, Жапон инвесторларының қызығушылығын тудыратын сала көп»,-деді облыс әкімі.


Аймақ басшысы облыста жалпы ауданы 400 гектар болатын индустриялық аймақ құрылатынын атап өтті. Оның шеңберінде әлемдік стандарттарға сай келетін заманауи өнеркәсіптік-өндірістік кешендер құру жоспарланғанына жан-жақты тоқталды. Инвестициялық жобаларды барлық қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету қарастырылған. Сондықтан Жапонияның инвестициясы мен жаңа технологиясының келуіне барлық мүмкіндік бар.
Өз кезегінде, жапон елшісі Джун Ямада, Атырау өңірімен байланысты арттыруға мүдделі екенін атап айтты. Мұнайлы өңірдің әлеуеті туралы бизнес өкілдеріне мол ақпарат жеткізіп, өңірге инвестиция салатындарға қолдау көрсететінін жеткізді.
Ал, «Инпекс Норт Каспиан Си Лимитед» компаниясының Қазақстандық филиалының директоры Икеда Хироши да Атыраудың даму қарқыны жапон инвесторларын қызықтырмай қоймайтынын айтты.


Кедендік статистика деректеріне сәйкес, 2021 жылдың қаңтар-тамыз айларында Атырау облысының Жапониямен сыртқы сауда айналымы 37,3 млн. Оның ішінде экспорт 332 мың, импорт 37 млн. АҚШ долларын құраған.
Импорттық өнімдер құбырлар, түтіктер, профильдер, ауа сорғылары және газ компрессорлары, металдарды өңдеуге арналған станоктар және басқалары болса, ал, экспортқа геодезиялық немесе топографиялық және өзге де аспаптар мен құралдар шығарылған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT