Тәуелсіздік – әлемдегі ең құдіретті сөз.
Міне, көк аспанда көк байрағымыз желбіреп, тәуелсіздіктің тал бесігінде тербелгелі биыл - 30 жыл. Осы уақыт ішінде Қазақстан өзгелерге қарағанда дара, дербес мемлекет екенін дәлелдей алды. Десек те, тәуелсіздіктің бізге оңайлықпен келмегені белгілі. Бодандықтың бұғауынан босап, бостандықтың таңы атқанша қаншама қазақтың қаны төгілді. Көп алысқа бармай-ақ, кешегі Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңға шыққан аға-апаларымыздың ерлігі неге тұрады?! Ата-бабамыздың төгілген қаны мен қиылған жанымен келген Тәуелсіздіктің тұғыры биік болуы тиіс. Осы жолда құрбан болған барша қазақ баласының, алаш зиялыларының, Желтоқсан батырларының еңбегі мен ерлігі қашанда халық жадында, ел есінде Ендеше, біз жастар осындай жолмен келген бейбітшіліктің қадірін терең түсінуіміз керек. .
Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ халқы Жоңғар мен қалмақ шапқыншылығына, орыс отаршылдарына, Хиуа хандарына қарсы ғасырлар бойына тынымсыз күрес жүргізіп келді. Соның барлығында да анталаған жауға қарсы шайқасқан батырлар сапында намысшыл қазақ жігіттерімен бірге иық тірестіре ұрыста он екіде бір гүлі ашылмаған қазақтың қаракөз қыздары да тұрған. Олар бүгінгі өскелең ұрпақ үшін жанын пида етті. Томирис, Зарина секілді батыр әжелеріміздің жорығын кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында Әлия, Мәншүк, Хиуаз, Желтоқсанда Ләззат сынды ержүрек апаларымыз жалғастырды.
"Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дейді дана халқымыз. Сол бір зарлы замандарда бүгінгі бейбіт өмір үшін қыршынынан қиылған батыр бабаларымыздың ерлігі ғасырлар қойнауында қалып бара жатты. Бірақ ұрпағы барда ерлік оты сөнбесі сөзсіз. Керісінше, еліміз егемендік алған 30 жылдың ішінде тарихтағы біз білмейтін көптеген ақтаңдақтар аршып алынды. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз қайта тіріліп, әлемді қайқы қылышымен бағындырған ер түріктің батыр ұрпағы екенімізді сезіндік. Тәуелсіздік тарихымызды түгендеп, шежіремізді
бүтіндеп берді. Ендеше, уақыт алға озған сайын, баһадүр бабалар салған сара жолға қайта оралып, өткен ғасырлар қойнауына жақындай түседі екенбіз.
Желтоқсанның ызғарлы желі болып жастарды оятқан сол Тәуелсіздік үшін «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» елін жаудан қорғаған бабалар рухы емес пе?! Иә, Желтоқсан үні қаншама ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр септі. Желтоқсан жаңғырығы бізді Тәуелсіздіктің таңына аман жеткізді. Әрине, ұрпақ үшін қан төккен, жанын берген аға-апаларымыздың бостандықтың арайлап атқан ақ таңын көре алмай кеткені өкінішті. Ер есімі - Ел есінде. 16 желтоқсан - Қазақ халқы үшін қасіретті де, қастерлі күн болғанымен, бізге сыйлаған Тәуелсіздік – Тәңірдің ұрпаққа берген өлшеусіз бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы.
Бүгінгі әлем таныған Қазақстан Республикасының тарихындағы барлық жеңісті жетістіктер, өрлеуі мен өркендеуі, рухани-мәдени, әлеуметтік-экономикалық еркіндігі, болашақта дүниежүзіндегі дамыған 30 мемлекетпен тереземіздің тең, керегеміздің кең болып, дәулетті де сәулетті мемлекетке айналуымыз – бізді биік түғырға қондырған Тәуелсіздік деген құдіретті күште жатыр.
Қазір Қазақстан – әлемдік қоғамдастықтың жауапты да құрметті әріптесі, Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекет. Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында ұлы мақсаттарға жетелейтін – «Мәңгілік Ел» идеясын ұсынды. Барша қазақстандық Елбасымыздың бұл бастамасын үлкен қуанышпен қабылдады. Және осы бір мақсат пен бір мүдде, мәңгілік идея жолында баршамыз, әсіресе біз - жастар жұдырықтай жұмылып алға ұмтылып келеміз.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы тұғырлы, баянды болсын! Әрқашан күн сөнбесін! Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, «Мәңгілік ел» идеясымен бірге көк аспанда қасиетті көк байрағымыз мәңгі желбіресін!
Арайлым Амирова,
Абылайхан атындағы
Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері
университетінің студенті