Сұрақ-жауап
Мен жұмысқа орналасып жатыр едім, маған ол үшін БЖЗҚ-да шотымның бар екендігі туралы анықтама керек екендігін айтты. Қазіргі пандемия кезінде кеңселерге бара бергім келмейді, сондықтан да ақпаратты онлайн түрінде ала аламын ба, жауап беріңіздерші, өтініш!
Жеке зейнетақы шотының (ЖЗШ) бар екендігі туралы анықтама алу үшін Сізге «БЖЗҚ» АҚ-ның enpf.kz ресми сайтына кіру жеткілікті. Сіз айналасы бес минуттың ішінде қажетті анықтаманы аласыз. Сайтқа кіргеннен кейін электрондық цифрлық қолтаңбаны немесе тіркелген логин мен парольді қолдана отырып, жеке кабинетке өту керек. Содан кейін «ЖЗШ бар екендігі туралы анықтаманы/ЖЗШ ашу туралы өтінішті/зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жаңа редакцияда алу» бөліміне, одан әрі «Шоттардың бар екендігі туралы анықтама алу» бөліміне өтіп, Сізде ЖЗШ бар екендігі туралы дайын анықтаманы жүктейсіз. Анықтаманың жоғарғы бұрышындағы QR-код БЖЗҚ уәкілетті тұлғасының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған құжаттың электрондық нұсқасына веб-сілтемені қамтиды. Веб-сілтеме осы құжат берілген күннен бастап 1 (бір) ай ішінде қолжетімді екеніне назар аударамыз.