Қазақстанның жаңартылған Конституциясы – ел дамуының жаңа сапалық кезеңіне жол ашқан тағдырлы құжат. Ол мемлекетті басқарудың ескі үлгілерінен арылып, қоғам мүддесіне сай тиімді, әділ және ашық жүйе қалыптастыруды көздейді. Бұл өзгерістер заң үстемдігін нығайтып қана қоймай, билік пен қоғам арасындағы сенімді жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Конституциялық реформалар аясында билік тармақтарының өзара тепе-теңдігі күшейіп, жауапкершілік тетіктері нақтылай түсті. Бұл басқару шешімдерінің сапасын арттырып, мемлекеттік институттардың халық алдындағы ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы азаматтардың өңірлік мәселелерді шешуге тікелей қатысуына кең мүмкіндік беріліп отыр. Мұның өзі демократиялық мәдениеттің терең тамыр жаюына ықпал етеді.
Жаңартылған Ата Заңның тағы бір маңызды қыры – адам капиталына басымдық берілуі. Білім, ғылым және инновация мемлекеттің негізгі стратегиялық ресурсы ретінде айқындалды. Бұл Қазақстанның тек шикізаттық экономикаға тәуелді болмай, зияткерлік әлеуетке сүйенген даму моделіне көшуінің айқын белгісі.
Ғылыми зерттеулерді қолдау, цифрлық технологияларды енгізу, инновациялық экожүйені қалыптастыру – экономиканы жаңғыртудың және жаһандық бәсекеде өз орнымызды нығайтудың басты тетіктері. Бұл бағытта жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардың рөлі артып, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігі күшейе түсуде.
Осылайша, жаңартылған Конституция – тек құқықтық құжат емес, елдің болашағын айқындайтын кешенді даму тұжырымдамасы. Ол әділетті қоғам құруға, білімді ұлт қалыптастыруға және инновациялық экономикаға негізделген Жаңа Қазақстанды орнықтыруға берік негіз қалайды.
Әлібек Науаров




