Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасында «Заң мен Тәртіп» қағидатының алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілуі – еліміздің құқықтық дамуындағы маңызды әрі мазмұнды қадам.
Бұл ұғым жай ғана құқық қорғау органдарының қызметімен шектелмейді. Ол – қоғамдағы әділеттілік, жауапкершілік және өзара сенім мәдениетін қалыптастыратын іргелі қағидат. Құқық үстемдігі бар жерде ғана тұрақтылық болады. Ал тұрақтылық – экономикалық өсудің, инвестициялық тартымдылықтың және азаматтардың әл-ауқатының негізі. Сондықтан Заң мен Тәртіпті мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты ретінде айқындау – стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім.
Жаңа Конституцияда азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері айтарлықтай күшейтілген. Кінәсіздік презумпциясының нақты бекітілуі, бір құқық бұзушылық үшін қайта жауапқа тартуға жол бермеу, азаматтардың жағдайын нашарлататын заңдарға кері күш беруге тыйым салу – әділ сот төрелігінің берік кепілі. Ал «Миранда ережесінің» енгізілуі әрбір азаматтың қорғану құқығын халықаралық стандарттарға жақындатады. Заң мен Тәртіп тек жауапкершілік емес, сонымен бірге кепілдік. Мемлекет азаматтардың құқықтарын қорғауға міндетті болса, азаматтар заңды құрметтеуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапты. Осындай тепе-теңдік орныққанда ғана қоғамда әділеттілік салтанат құрады. Бір палаталы Парламент – Құрылтайдың құрылуы да заң шығару процесін тиімді әрі ашық етуге бағытталған. Пропорционалды жүйе арқылы саяси партиялардың жауапкершілігі артып, заңдардың сапасы жақсара түседі. Ал Қазақстанның Халық Кеңесі секілді жаңа диалог алаңдарының пайда болуы қоғам пікірін заңнамалық бастамаларға тікелей ықпалдастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, цифрлық ортада құқықтарды қорғау нормасының енгізілуі – қазіргі заман талаптарына сай шешім. Бүгінде киберқауіпсіздік, жеке деректерді қорғау, онлайн алаяқтықпен күрес мәселелері күн тәртібінде тұр. Сондықтан цифрлық құқықтардың конституциялық деңгейде бекітілуі – заң мен тәртіпті жаңа кеңістікте қамтамасыз етудің маңызды тетігі.




