Қай елдің болмасын дамуы ең алдымен заңның үстемдігі мен қоғамдағы тәртіптің сақталуына тікелей байланысты. Заң – мемлекеттің тірегі, ал тәртіп – сол заңның өмірде нақты орындалуының көрінісі. Егер қоғамда заң бәріне бірдей жұмыс істеп, әр азамат өз жауапкершілігін сезінсе, онда тұрақтылық пен әділеттілік орнығады.
Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидаты – жай ұран емес, күнделікті өмірде жүзеге асуы тиіс маңызды талап.
Бүгінгі таңда мемлекет заң үстемдігін нығайтуға, құқық қорғау жүйесін жетілдіруге және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға ерекше мән беріп отыр. Өйткені тәртіп тек жазалау арқылы емес, алдын алу, түсіндіру және сенім қалыптастыру арқылы орнығады. Заңды білетін, оны құрметтейтін қоғамда қылмыс азайып, өзара сыйластық күшейеді. Бұл – қауіпсіз орта қалыптастырудың ең тиімді жолы. Сонымен қатар заң мен тәртіптің сақталуы әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталады. Заңды бұзбау – тек қорыққаннан емес, саналы таңдау болуы керек. Қоғамдық орындарда өзін дұрыс ұстау, өзгенің құқығын сыйлау, мемлекеттік мүлікке ұқыппен қарау – мұның бәрі құқықтық мәдениеттің көрсеткіші. Осындай қарапайым қағидалар сақталған жерде қоғам да алға басады.
Қорытындылай келе, заң мен тәртіп ел дамуының басты шарты. Әділетті заң, тиімді жүйе және саналы азамат біріккенде ғана күшті мемлекет қалыптасады. Сондықтан заңды сақтау әрқайсымыздың ортақ міндетіміз, ал тәртіпті қоғам – болашаққа сенімді қадам.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ




