Заң мен тәртіп – қоғамның тірегі

Қоғамның тұрақты дамуы мен қауіпсіз болашағы ең алдымен заң мен тәртіпке байланысты. Заң – мемлекет бекіткен ортақ ереже болса, тәртіп – сол заңды әр азаматтың саналы түрде орындауы. Бұл екеуі бір-бірінен ажырамас ұғымдар. Заң бар жерде тәртіп орнаса, тәртіп бар жерде әділет пен сенім қалыптасады. Кейде заңды тек жазалау құралы ретінде қабылдайтын көзқарас кездеседі. Алайда заңның басты мақсаты – шектеу емес, қорғау. Ол азаматтың құқығын, бостандығын, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ал тәртіп – сол заңға деген құрметтің, азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Тәртіп тек құқық қорғау органдарының жұмысы емес, әр адамның ішкі мәдениеті мен ұстанымына тікелей байланысты. Заң мен тәртіп үстемдік еткен қоғамда әділдікке сенім артады. Адамдар өз еңбегінің бағаланатынына, құқығының қорғалатынына көз жеткізеді. Бұл өз кезегінде білімге, еңбекке, адалдыққа деген ынтаны күшейтеді. Керісінше, заңға селқос қараған, тәртіп әлсіреген ортада бейберекетсіздік белең алып, қоғам дамуы тежеледі. Бүгінгі таңда «Заң мен тәртіп» қағидаты тек мемлекеттік саясаттың ұраны емес, күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Жол ережесін сақтау, қоғамдық орындардағы мәдениет, өзгенің құқығына құрметпен қарау – осының бәрі тәртіптің қарапайым, бірақ маңызды көріністері. Ұсақ заң бұзушылықтың өзі үлкен жауапсыздыққа алып келуі мүмкін екенін түсіну – құқықтық сананың белгісі.
 
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT