Заң мен тәртіп – кез келген мемлекеттің тұрақтылығы мен өркендеуінің басты шарты.
Әсіресе жаһандану мен цифрландыру дәуірінде құқық үстемдігін қамтамасыз ету тек мемлекеттік міндет емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігіне айналып отыр. Қазақстанда бұл қағидат жаңа саяси реформалар аясында айрықша мәнге ие болуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында «Заң мен Тәртіп» қағидатын стратегиялық басымдық ретінде айқындап келеді. Бұл ұстаным құқықтық мәдениетті арттыруды, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және әділетті қоғам қалыптастыруды көздейді. Өйткені заң үстемдік құрмаған жерде тұрақты даму да, инвестициялық тартымдылық та, қоғамдық сенім де болмайды.
Заң мен тәртіп – тек құқық қорғау органдарының жұмысы емес. Ол – әр азаматтың құқықтық санасы мен жауапкершілігі. Заңға құрметпен қарау, қоғамдық тәртіпті сақтау, өзгелердің құқығын сыйлау – өркениетті қоғамның белгілері. Мұндай мәдениет отбасыдан басталып, білім беру жүйесінде қалыптасып, мемлекеттік саясатпен нығаяды. Қазіргі конституциялық өзгерістер аясында бұл қағидатқа ерекше мән беріліп отыр. Кінәсіздік презумпциясының күшейтілуі, азаматтардың құқықтарын қорғаудың нақты тетіктерінің бекітілуі, «Миранда ережесінің» енгізілуі – құқықтық кепілдіктердің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Бұл қадамдар құқық қорғау жүйесінің ашықтығын арттырып, азаматтардың әділ сотқа деген сенімін нығайтады.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ




