Қоғамның тұрақты дамуы мен мемлекеттің мызғымас негізі ең алдымен Заң мен Тәртіп қағидатына сүйенеді. Бұл – жай ғана құқықтық ұғым емес, азамат пен мемлекет арасындағы өзара сенімнің, әділеттіліктің және жауапкершіліктің өлшемі.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасында «Заң мен Тәртіп» қағидатының алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілуі – ел дамуындағы аса маңызды әрі уақыт талабына сай шешім. Заң үстемдігі бар жерде азамат өзін қорғалған сезінеді, ал тәртіп орнаған қоғамда даму үшін қолайлы орта қалыптасады. Жаңа Ата Заңда адамның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде айқындалуы – осы қағидаттың нақты көрінісі. Бұл мемлекет тек бақылаушы немесе жазалаушы рөлде емес, ең алдымен азаматтың құқығын қорғаушы институт екенін көрсетеді.
Конституция жобасында кінәсіздік презумпциясының күшейтілуі, бір құқық бұзушылық үшін қайтадан жауапқа тартуға тыйым салу, азаматтардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күшінің болмауы – Заң мен Тәртіптің әділетті сипатта іске асуына бағытталған нақты қадамдар. Бұл нормалар құқық қорғау жүйесінің гуманистік сипатын арттырып, құқықтық мәдениеттің жаңа деңгейін қалыптастыруға негіз болады. Ерекше назар аударатын жаңалықтардың бірі – «Миранда ережесінің» Конституцияда бекітілуі. Бұл әрбір азаматтың өз құқығын білуіне, заң алдындағы қорғану мүмкіндігінің тең болуына жол ашады. Ал адвокатураға арналған арнайы баптың енгізілуі сот төрелігінің сапасын арттырып, әділ сотқа қол жеткізу қағидатын нақты мазмұнмен толықтырады. Заң мен Тәртіп тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституцияда мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық екені нақты бекітілуі заңға бағыну мәдениетін күшейтеді. Өйткені заңды қабылдауға, оны жетілдіруге және жүзеге асыруға халықтың өзі қатысқан жағдайда, оған деген сенім де, құрмет те арта түседі.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ




