Цифрландыру – ұран емес, жауапкершілік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында айтқан «Цифрландыру және жасанды интеллект жылын сән қуып, ұрандату үшін жариялаған жоқпыз» деген сөзі бүгінгі мемлекеттік басқарудың мәнін дәл ашып берді.

Бұл – технологияны мақсат емес, ел дамуына қызмет ететін құрал ретінде қарастыру керектігін көрсететін маңызды ұстаным. Президент атап өткендей, цифрландыру – бүкіл мемлекеттік аппаратқа жүктелген стратегиялық міндет, ал оның нәтижесі нақты көрсеткіштермен өлшенуі тиіс. Шынында да, жасанды интеллект пен цифрлық шешімдер шешім қабылдау мерзімін қысқартуға, еңбек өнімділігін арттыруға және көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталмаса, оның еш мәні жоқ. Кейде жаңа технология енгізілді деген есеп үшін ғана жасалған жобалар қоғамға нақты пайда әкелмей жатады. Президенттің бұл тұста талапты күшейтуі – цифрландыруды формальды емес, мазмұнды реформаға айналдыруға жасалған қадам. Сонымен бірге Мемлекет басшысының «басқару ісіндегі берекесіздікті озық технологиялар өз бетімен жойып жібере алмайды» деген пікірі де өте орынды. Себебі кез келген цифрлық жүйені адам басқарады. Егер жауапкершілік, тәртіп және кәсіби мәдениет болмаса, ең заманауи технологияның өзі нәтиже бермейді. Сондықтан цифрландыру ең алдымен басқару мәдениетін, ойлау жүйесін өзгертуі керек.

Айнұр Төлегенова, Жылыой ауданы тұрғыны

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT