Тарихты тану – ұлттық сананы нығайтудың жолы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында айтқан бұл пікірі – еліміздің тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған нақты әрі маңызды қадамы екені сөзсіз. Президент өз сөзінде соңғы жылдары сан ғасырлық тарихи мұрамызды ғылыми тұрғыда зерделеу бағытында айтарлықтай жетістіктерге жеткенімізді атап өтті. Бұл – ұлттық тарихқа деген көзқарастың өзгеріп, оны терең әрі жүйелі түрде зерттеуге бет бұрғанымыздың айғағы. Әсіресе, Жошы хан мен Алтын Орда тақырыбына ерекше тоқталуы өте орынды. Алтын Орда – қазақ мемлекеттілігінің тарихи негіздерінің бірі. Осы кезеңді әлемдік деңгейде таныту арқылы біз өз тарихымыздың орнын жаһандық өркениет аясында айқындай аламыз. Президент атап өткен көп сериялы деректі фильмнің халықаралық платформаларда көрсетілуі – ұлттық тарихты шетел аудиториясына жеткізудің тиімді жолы. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «тартымды визуалдық бейнемен қатар, ішкі мазмұн мен мән-мағынасының терең болуы қажет» деген пікірі аса маңызды. Бұл – тарихты тек көркем дүние ретінде емес, ғылыми дәлдікке негізделген, шынайы деректерге сүйенген құндылық ретінде ұсыну керек дегенді білдіреді. Себебі үстірт жасалған дүние ұлттық сананы қалыптастырмайды, керісінше тарихтың бұрмалануына жол ашуы мүмкін.
      Осы орайда Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум өткізу туралы тапсырма – өте өзекті бастама. Әлемнің беделді ғалымдарын шақыру арқылы біз тек өз ішімізде ғана емес, халықаралық ғылыми қауымдастықпен бірлесе отырып, ортақ тұжырымдарға келе аламыз. Бұл Қазақстанның тарих ғылымындағы беделін арттырып, ғылыми дипломатияның дамуына да ықпал етеді.
 
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT