Менің ойымша, суицид мәселесі — қоғамдағы ең ауыр әрі күрделі тақырыптардың бірі. Бұл құбылысты тек заң тұрғысынан қарастыру жеткіліксіз деп есептеймін. Әрине, заң мен тәртіп адамның өмірін қорғауға, қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Бірақ адамның жан дүниесіндегі күйзеліс, ішкі дағдарыс, жалғыздық сезімі тек құқықтық шаралармен шешілмейді.
Суицидке итермелейтін себептер көбіне көзге көрінбейді: түсінбеушілік, отбасындағы немесе қоғамдағы қысым, психологиялық шаршау, үмітсіздік. Сондықтан да, бұл жерде қоғамның рөлі өте маңызды. Кейде біз адамның сыртқы бейнесіне қарап, оның ішкі жан айқайын байқамай қаламыз. Көпшілік «бәрі жақсы» деген масканың артында қандай ауыр ойлар жатқанын сезбейді. Сондықтан адамдарға психологиялық көмекке жүгінуді ұят немесе әлсіздік деп емес, керісінше, саналы қадам деп қабылдау мәдениетін қалыптастыру қажет.
Заң мен тәртіп суицидтің алдын алу бағытында белгілі бір шаралар қабылдай алады: ақпараттық қауіпсіздікті бақылау, қауіпті контенттің таралуына шектеу қою, дағдарыс орталықтарын қолдау. Алайда ең бастысы — адамның өмірін ең жоғары құндылық ретінде тану. Әрбір адам өз мәселесімен жалғыз қалмауы керек.
Қала тұрғыны Сәбит Ұлықпан




