Биылғы конституциялық реформа – елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамдеп ойлаймын. Конституция – мемлекеттің негізгі заңы, сондықтан оған енгізілген әрбір өзгеріс халықтың болашағына тікелей әсер етеді.
Мен бұл реформаның басты мақсаты – билік тармақтарының тепе-теңдігін күшейту және халықтың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін арттыру деп түсінемін. Егер өзгерістер шын мәнінде әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етсе, онда бұл қоғамдағы сенімді нығайтады. Әсіресе, азаматтардың құқықтарын қорғау мен олардың пікірін ескеру тетіктері күшейсе, бұл демократиялық даму үшін оң қадам болар еді.
Кез келген реформа қағаз жүзінде ғана қалмай, іс жүзінде орындалуы маңызды деп ойлаймын. Заңға енгізілген өзгерістер нақты нәтижеге жеткізіп, қарапайым халықтың өміріне оң әсер етуі тиіс. Егер реформалар әділ жүзеге асса, ол мемлекет пен халық арасындағы байланысты күшейтеді.
Конституциялық реформа – үлкен жауапкершілік. Оның табысты болуы тек заң мәтініне емес, оны адал әрі тиімді жүзеге асыруға байланысты деп есептеймін.
Жылыой ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Гайдар Арыстанов




