Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған конституциялық реформалар ел дамуының жаңа кезеңін айқындап отыр деп ойлаймын.
Бұл өзгерістер тек саяси жүйені жаңғыртуға емес, сонымен қатар экономиканың тірегі саналатын кәсіпкерлік ортаны нығайтуға бағытталғаны қуантады. Әсіресе, шағын және орта бизнесті қолдау шараларының жүйелі сипат алуы – уақыт талабы.
Меніңше, салық реформаларының басты артықшылығы – бизнестің жүктемесін әділ бөлуге ұмтылыс жасауында. Әділ бәсекелестік қағидаты орнығып, адал жұмыс істейтін кәсіпкерледің еңбегі бағаланатын орта қалыптасып келеді. Бұл сенімге негізделген жаңа экономикалық мәдениеттің бастауы.
Цифрландыру үдерісі де кәсіпкерлер үшін нақты жеңілдіктер әкелуде. Мемлекеттік қызметтердің онлайн форматқа көшуі уақытты үнемдеп қана қоймай, артық кедергілерді азайтады. Мұндай қадамдар бизнесті жүргізуді жеңілдетіп, жаңа бастамаларға жол ашады. Кәсіпкерлік – тек табыс табу құралы емес, ол – жұмыс орындары, әлеуметтік тұрақтылық және өңірлік дамудың негізі. Сондықтан кәсіпкерлікті қолдау – елдің ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылығына салынған инвестиция.
Осы бағытта Атамекен палатасының белсенді жұмысы да маңызды рөл атқарады. Палата бизнес қауымдастықтың мүддесін қорғап, мемлекеттік реформалардың тиімді жүзеге асуына ықпал етеді деп сенемін. Асқар Шотыбайұлы,
«Атамекен» ҰКП облыстық директорлар кеңесінің мүшесі




