Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөйлеген сөзі қоғамда үлкен серпіліс туғызды. Президенттің «Мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдарының бірі – мәдениет пен өнер» деуі тегін емес. Ол маңызды басқосу арқылы еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа мәдениет ошақтарының бой көтеретінін нақтылап, мәдениет саласы мамандарын бір қуантты. Оған Алматы, Абай, Ақтөбе облыстарында жаңа драма театрларының салынуы, сондай-ақ Шымкентте опера және балет театры құрылысының басталуы айқын дәлел болмақ.
Иә, біз қанша жерден заманауи технологияларды игеріп, экономикалық көрсеткіштерді арттырғанымызбен, егер қоғамның ішкі мәдениеті мен рухани дүниесі ақсап тұрса, ол реформалардың барлығы уақытша құбылыс болып қала берері сөзсіз. Президент атап өткендей, қоғамның санасы жаңғырмайынша, ешқандай өзгеріс баянды болмайды. Меніңше, бұл біздің қоғам үшін бүгінгі күннің басты қағидасы болуы тиіс. Өйткені мәдениеті биік ұлт қана қиындыққа төтеп беріп, өркениеттің биік шыңына шыға алады. Сәйкесінше өнер өшпейді, өнерпаздар ұлықталады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
- Сондықтан біз руханият мәселелеріне айрықша мән береміз. Бұл салада бұрын-соңды болмаған ауқымды шаруалар қолға алынады. Биыл Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ашылғанына 100 жыл толды. Осыған орай, театр ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысы аяқталмақ. Бұдан бөлек, екі жылдың ішінде елімізде 100-ден астам мәдениет ошағы жөнделеді,-деді өз сөзінде.
Ұлттық құрылтайдағы бұл сөздер мәдениет саласындағы нағыз «жаңа дәуірдің» басталғанын аңғартады. Руханиятқа салынған инвестиция мемлекеттің болашағына салынған инвестиция десек артық айтпаған болар едік. Сондықтан салынған театрлар мен музейлер бос тұрмай, халықтың рухани шөлін қандыратын қасиетті орындарға айналса екен деген тілек бар. Өйткені руханияты берік халықтың болашағы да жарқын, іргесі де мықты болмақ.
Нұрлыбек Ермекбайұлы,
Майкөмген ауылдық округі мәдениет үйі басшысы




