Президент көтерген «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру бастамасы – жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлікті сақтауға бағытталған стратегиялық әрі уақыт талабынан туындаған шешім. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы қоғамның барлық саласына әсер етіп отырған шақта, төл тарихымыз бен мәдени мұрамызды заманауи форматта сақтау аса маңызды. Себебі ұлттық болмыс пен тарихи жады – елдің рухани тұғыры.
Бүгінде әлемдік тәжірибе көрсеткендей, тарихи деректерін, ғылыми еңбектерін, мұрағат материалдарын және мәдени құндылықтарын цифрлық кеңістікке көшіре алған мемлекеттер ғана өз ұлттық ерекшелігін жоғалтпай, оны жаһандық деңгейде таныта алады. Осы тұрғыдан алғанда, «Ұлттық цифрлық мұра» қоры халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған рухани байлығын жүйелеп, ғылыми айналымға енгізуге және көпшілікке қолжетімді етуге жол ашады.
Түптеп келгенде, Президент атап өткендей, бұл мәселе елдің идеологиялық дербестігі мен болашағына тікелей қатысты. Ұлттық құндылықтарды цифрлық дәуірге бейімдеу – өткенге құрмет, бүгінге жауапкершілік және келешек ұрпақ алдындағы аманат. Сондықтан «Ұлттық цифрлық мұра» қоры Қазақстанның рухани қауіпсіздігін нығайтып, ұлттық сананы жаңа деңгейге көтеретін маңызды бастама екені сөзсіз.
Жылыой ауданы әкімінің келісім кеңесі төрағасы
Нұрдәулет Ақназаров




