Ұлттық құрылтай – қоғамдық сенім мен жауапты шешімдер алаңы

Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзі ел өміріндегі маңызды кезеңді айқындаған саяси және қоғамдық маңызы зор мәлімдеме болды. Президент көтерген мәселелер Қазақстанның бүгінгі дамуын ғана емес, болашақтағы бағытын да нақтылап берді. Бұл – қоғам сұранысына жауап берген, уақыт талабынан туындаған мазмұнды үндеу.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың мәніне ерекше тоқталып, оның ел мен билік арасындағы ашық диалогты қалыптастыратын, халықтың пікірін мемлекеттік шешімдерге айналдыратын пәрменді тетікке айналғанын атап өтті. Құрылтай аясында айтылған ұсыныстардың нақты іске асуы, заңнамалық өзгерістерге ұласуы – бұл институттың қоғам өміріндегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Президент экономикалық даму мәселесіне де кеңінен тоқталды. Ел экономикасының тұрақты өсуі, қаржы ресурстарының нығаюы ең алдымен азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс екені баса айтылды. Экономикалық көрсеткіштер тек сандармен емес, халықтың күнделікті тұрмысында сезілуі қажет деген ұстаным айқын көрінді.

Сондай-ақ, цифрлық трансформация, жасанды интеллект пен инновациялық технологиялар Қазақстан дамуының жаңа кезеңіндегі негізгі қозғаушы күш ретінде белгіленді. Бұл бағыттар мемлекеттің жаһандық кеңістіктегі орнын нығайтып, білім мен ғылымға негізделген экономика құруға жол ашады. Адам капиталына салынған инвестиция – елдің ертеңгі табысының басты кепілі екені ерекше атап өтілді.

Президенттің халыққа арқа сүйеген саясаты, азаматтардың үніне құлақ асу қағидасы Ұлттық құрылтай қызметінің өзегіне айналып отыр. Қоғаммен бірге қабылданған шешімдер ғана тұрақты даму мен әділетті мемлекетті қалыптастыра алады. Осы тұрғыда Ұлттық құрылтай ел тағдырын айқындайтын маңызды қоғамдық алаң ретінде өз маңызын айқын көрсетті.

Үміт Белгібаева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT