Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөйлеген сөзі еліміздің алдағы даму бағдарын айқындаған, қоғамды толғандырып жүрген маңызды мәселелерге нақты жауап берген мазмұнды әрі салмақты үндеу болды. Президент баяндамасы Қазақстанның тек экономикалық емес, сонымен қатар рухани, әлеуметтік және құндылықтық тұрғыдан жаңғырудың жаңа кезеңіне аяқ басқанын көрсетті.
Президент өз сөзінде Ұлттық құрылтайдың жай ғана кеңес алаңы емес, ел болашағына қатысты шешуші мәселелер талқыланатын маңызды қоғамдық институтқа айналғанын атап өтті. Құрылтай барысында көтерілген ұсыныстардың негізінде нақты заңнамалық өзгерістер қабылданып, мемлекеттік саясатта жүйелі реформалар жүзеге асуда. Бұл – Ұлттық құрылтайдың нақты нәтижеге бағытталған тиімді диалог алаңы екенін айғақтайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық өсім, ішкі жалпы өнім көлемінің ұлғаюы, Ұлттық қордың нығаюы сынды көрсеткіштерге тоқтала отырып, бұл жетістіктер ең алдымен халықтың тұрмыс сапасын арттыруға қызмет етуі тиіс екенін нақтылады. Экономикалық тұрақтылық әлеуметтік әділеттілік пен халықтың әл-ауқатын жақсартуға негіз болуы қажет деген ұстаным Президент саясатының өзегіне айналып отыр.
Сонымен қатар, цифрландыру, жасанды интеллект, инновация мен технологиялық даму елдің жаңа дәуірдегі басты басымдықтары ретінде айқындалды. Бұл бағыттар Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады. Адам капиталына инвестиция салу, білім мен ғылымды дамыту – ұзақ мерзімді және орнықты дамудың басты кепілі екені де орынды айтылды.
Мемлекет басшысының «мемлекеттің басты күші – халық» деген қағидасы Ұлттық құрылтай жұмысының да, жалпы мемлекеттік реформалардың да негізгі арқауына айналып отыр. Халықпен ашық диалог орнату, қоғам пікірін ескеру арқылы жүзеге асатын өзгерістер ғана еліміздің болашағын берік ететіні сөзсіз.
Нұрболат Өрбісінов




