Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында айтқан Президенттік кітапханалар туралы пікірі мені терең ойға қалдырды. Өйткені бұл сөздер тек екі қалада салынатын ғимараттар жайлы емес, тұтас ұлттың болашағы, санасы мен рухани тұғыры туралы айтылған маңызды ұстаным деп білемін.
Бүгінгі таңда кітапхана ұғымы көп адамның санасында ескі сөрелер мен шаң басқан кітаптармен ғана байланысып жатады. Алайда Президент атап өткендей, жаңа Президенттік кітапханалар мүлде басқа деңгейдегі, басқа мазмұндағы орталықтарға айналуы тиіс. Олар – қазақтың тарихын, мәдениеті мен өркениетін жүйелі түрде таныстыратын, ұлттық жадты сақтайтын әрі жаңғыртатын рухани хабтар болуы қажет. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дамыған сайын ақпарат тасқыны күшейіп, жаһандану үдерісі тереңдеп келеді. Осындай кезеңде ұлттық бірегейлікті сақтау – өзінен-өзі жүзеге асатын процесс емес. Керісінше, бұл саналы саясатты, жүйелі жұмысты талап етеді. Президенттің “төл тарихы мен мәдениетін электронды форматқа көшіріп, оны жаһандық цифрлық өркениетке қосқан елдер ғана ұлттық болмысын сақтап қалады” деуі – осы шындықты ашық мойындау.
Мен жас зерттеуші ретінде архивтерде, кітапханаларда көп уақыт өткіземін. Сонда байқайтыным: бізде баға жетпес қолжазбалар, сирек деректер, фольклорлық мұралар аз емес. Бірақ олардың көпшілігі кең аудиторияға қолжетімді емес, кейбірі тіпті заман талабына сай цифрланбаған. Ал егер осы мұралар заманауи технология көмегімен цифрлық форматқа көшіріліп, жасанды интеллект арқылы жүйеленсе, қазақ мәдениеті әлемдік ғылыми және мәдени айналымға еркін енер еді.
Президенттік кітапханалар дәл осы миссияны атқаруға тиіс деп ойлаймын. Олар тек оқу залы емес, зерттеу, талдау, цифрлық контент өндіру, ұлттық идеяны тарату орталығы болуы керек. Мұнда жастар тарихты құр жаттап қана қоймай, оны түсініп, сезініп, қазіргі заманмен байланыстыра алуы қажет. Интерактивті экспозициялар, цифрлық архивтер, мультимедиалық жобалар арқылы тарих “тірі” күйде ұсынылса, оның әсері де әлдеқайда күшті болмақ.
Ең бастысы, Мемлекет басшысы бұл мәселені идеологиялық дербестікпен тікелей байланыстырды. Бұл – өте орынды тұжырым. Өйткені өз тарихын өзі таныта алмаған, мәдениетін өзі цифрлық кеңістікке енгізбеген елдің орнына мұны біреу жасап береді. Ал ол кезде ұлттық мүдде екінші қатарға ығысуы мүмкін. Сондықтан бұл бастама – тек мәдени жоба емес, стратегиялық маңызы бар қадам.
Лаура Болатова,
Жылыой ауданы тұрғыны




